Қазақстанда үшінші атом электр станциясына «Болашақ» атауын беру ұсынылды. Бұл бастама Астанада өткен «Тең дәрежедегі ядролық диалог: жастардың атом саласына жолы» атты Ұлттық жастар диалогында айтылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Бұл туралы Атом энергиясы агенттігінің ресми өкілі Шыңғыс Ильясов мәлімдеді, деп жазады Forbes Kazakhstan.
Форум қатысушыларының пікірінше, «Болашақ» атауы атом энергетикасының, ғылым мен технологияның дамуын, сондай-ақ жаңа буын мамандарының саланы қалыптастырудағы рөлін білдіруі тиіс.
Үшінші АЭС-ке бұл атауды беру туралы ресми шешім әзірге жоқ.
Форум Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өтті. Оған Атом энергиясы агенттігінің басшысы Алмасадам Сатқалиев, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, студенттер, жас мамандар және атом саласының өкілдері қатысты.
Бұған дейін Қазақстанның бірінші АЭС-іне «Балқаш» атауы таңдалған болатын. «Курсив» жазғандай, Қазақстан мен «Росатом» оны Алматы облысындағы Үлкен ауылының маңында салуға EPC-контрактіге қол қойды. Станция жалпы қуаты 2,4 ГВт болатын екі ВВЭР-1200 энергоблогынан тұрады, ал негізгі құрылыс жұмыстарын 2027 жылы бастау жоспарлануда.
Бірінші АЭС-ті салуға 2027-2029 жылдары республикалық бюджеттен 818,3 млрд теңге бөлу жоспарлануда. Жобаның жалпы құны бұған дейін $16,4 млрд деп бағаланған.
Сонымен қатар, «Мойынқұм» жұмыс атауымен екінші АЭС-ті де Балқаш маңына орналастыру жоспарлануда. Бұл жоба бойынша басым серіктес ретінде қытайлық CNNC қарастырылуда.


