Қазақстанда жаңартылатын энергия көздері саласы үшін кәсіби стандарттар алғаш рет әзірленбек. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлады.
NUR.KZ тілшісінің атап өтуінше, цифрлық процестер мен жасанды интеллект құралдарын енгізу кәсіби құзыреттер жүйесінің өзгеруіне сөзсіз әкеледі. Премьер-министр Олжас Бектенов қазіргі жағдайда өндірісте жұмыс істейтін кез келген маман үшін инновациялық цифрлық технологияларды қолдана білу міндетті екенін атап көрсеткен болатын.
Жаңартылатын энергия көздері саласы да, әрине, ерекшелік емес — мұнда заманауи технологиялармен жұмыс істеу дағдыларынсыз болмайды. Сондықтан бүгіннің өзінде осы энергетикалық сегмент үшін кәсіби стандарттар әзірленуде.
Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің мәліметінше, қазірге дейін бес кәсіби стандарт жобасы айқындалды. Олар жел энергетикасын, күн энергетикасын және электрохимиялық технологиялар арқылы экологиялық таза сутегі өндірісін қамтиды. Бұл жобалар жаңартылатын энергия көздерінің тиісті нысандарын жобалауға, салуға, техникалық қызмет көрсетуге және өзге де жұмыстарға тартылған мамандарға қойылатын талаптарды белгілеуге арналған.
Жобаларда мамандардың цифрлық құзыреттеріне елеулі көңіл бөлінген. Атап айтқанда, бұл автоматтандырылған басқару дағдыларына, жасанды интеллект технологияларын қолдануға, мониторинг барысында және өзге де процестерде цифрлық мүмкіндіктерді пайдалануға қатысты.
Айта кету керек, жаңартылатын энергия көздері саласы қарқынды дамып келе жатқан салалар қатарына жатады. Бұл сала мамандарын даярлайтын білім беру мекемелеріне айтарлықтай жауапкершілік жүктейді. Сондықтан жаңа кадрларды уақтылы әрі сапалы даярлау мәселесі Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі үшін де өзекті болып қала береді.


