15 қыркүйекте көктем-жаз 2027 маусымының Нью-Йорк сән апталығы аяқталды. Оның ең көп талқыланған сәттерінің бірі — подиумға модель де, көрсетілімге қатысушы да болмаған қазақстандықтың шығуы болды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қазақстанның Нью-Йорктегі консулдығы хабарлағандай, Манхэттен подиумдарында үш қазақстандық дизайнер — Тимур Тұрсынқұлов, Раушан Ануарбекова және Сабина Вольская өз коллекцияларын ұсынды.
Тимур Тұрсынқұлов ашық түстер арқылы Қазақстанның мәдени мұрасын көрсетті. Жас дизайнер небәрі 22 жаста, бірақ ол өз коллекцияларымен шетелдік сән апталықтарына қатысып үлгерген. Рас, олардың барлығы жергілікті коммерциялық іс-шаралар еді: Paris City Fashion Week, MadMood Milano Fashion Week, Mediterranean Fashion Week, Fashion Open Air Berlin. Дәл осы тәжірибе оған әлемдегі басты сән апталықтарының бірі — NYFW-ге қатысуға мүмкіндік берді.
Раушан Ануарбекова 2023 жылы Милан сән апталықтарының біріне 60+ жастағы модельдерді шақырып, жұртшылықтың назарын аударған еді. Осыдан кейін ол 2025 жылы Париж және Милан сән апталықтарына «Әлемді таңқалдырған қазақ әжелері» атты бірегей мәдени жобасымен шақырылды. Егде жастағы модельдер NYFW көрсетілімдеріне де қатысты.
Сабина Вольская haute couture класындағы балалар киіміне маманданған. Дизайнердің үш баласы бар, оны осы салаға үлкен қызы бастаған. Сабинаның есебінде Италиядағы Milan Fashion Week қоса алғанда, көптеген шетелдік сән апталықтары бар.
Қазақстандық делегация шамамен 60 адамнан тұрды. Оның құрамында дизайнерлер, модельдер және production-команда мүшелері болды. Көрсетілімдерге Қазақстан елшілігінің өкілдері мен Нью-Йоркте тұратын отандастар шақырылды.
Есте қалған сәттердің бірі — блогер Жасұланның подиумға күтпеген шығуы. Өскемендік ер адам бірнеше жылдан бері Instagram-да АҚШ-тағы өмірді көрсетіп жүр.
«Мен әдемі коллекцияларды, соның ішінде біздің дизайнерлердің де жұмыстарын көрдім, бірақ негізінен әйел образдары болды. Ал Қазақстанның ерлер ұлттық образы табылмады. Мен залда отырып, ойландым: жай ғана қарап отыра алмаймын. Мен модель де, қатысушы да емеспін, жай қонақ едім. Бірақ бұл — менің елім, менің мәдениетім, менің мақтанышым. Сонда мен шапан киіп шықтым — хайп үшін емес, сахна үшін емес, ерлер образдары да біздің бірегейлігіміздің бір бөлігі екенін еске салу үшін», — деп түсіндірді ол өз импровизациясын.
Бұған дейін Kursiv LifeStyle қазақстандық дизайнермен сұхбат жариялаған болатын. Ол өз жұмыстарында өлім мен қорқыныш эстетикасынан шабыт алады.


