Павлодар, Қарағанды, сондай-ақ ішінара Ақмола және Қостанай облыстарының диқандары қолайсыз ауа райына тап болды — биылғы аптап ыстық пен қуаңшылық картоп өніміне әсер етті. Фермерлер өнім бағасының ықтимал өсуін болжады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қазіргі таңда Қарағанды облысында жинау жұмыстары жүріп жатыр, фермерлердің болжамдары оң. Олардың айтуынша, өнім былтырғыдан аз болғанымен, алдыңғы жылғыдан көп. Картоп ұсақ, алайда сақталуы жақсырақ болуы тиіс.
«Иә, Қарағанды облысы бойынша осы 80 күндік аптап ыстық болды. Ол картоп үшін аздап күйзеліс тудырды. Дегенмен, көптеген әріптестеріммен сөйлесіп жүрмін, өнім бар, картоптың сапасы өте жақсы», — деді агроном, «Евразия Инвест» ЖШС және «Агрокрестьянский двор» ЖШС менеджері Александр Матвиенко.
Диқандар тапшылық болмайды деп есептейді, өйткені көптеген фермер картоп егістік алқаптарын ұлғайтты. Ауыл шаруашылығы министрлігі әзірге ешқандай мәселе көріп отырған жоқ. Онда өнімділік гектарына 26,4 тонна деп бағаланып отыр.
«Картоп негізінен суармалы жерлерде өсіріледі, сондықтан оны өндіру ауыл шаруашылығы алқаптарының суару суымен қамтамасыз етілуіне тікелей байланысты. Жалпы, биыл суаруға қажетті су ресурстарының тапшылығы байқалған жоқ. Жергілікті атқарушы органдардың дерегінше, вегетация кезеңінде картоп егісінің 100%-ы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда болды», — деді министрлікте.
Фермерлер картопты келісіміне 100–110 теңгеден, ал қоймасы жоқ кейбіреулері 80 теңгеден де сатып жатыр. Аграрийлерге қосылған құн салығының өсуі де әсер етті. Көбісі тапсырыс берген техникасын сатып алу үшін жыл басында қосымша несие алған.
«Көпшілік қазір салық пен несие жүктемесін азайту үшін несиелерін жабуға тырысуда. Олар картопты төмендетілген бағамен сатып жатыр. Менің үйімде дүкен бар, қарапайым сауда дүкені, онда сұрыпталған картоп келісіне 300 теңгеден сатылады. Ал осы дүкенге жеткізіп отырған шаруашылық 100 теңгеден беретінін нақты білемін. Осы 200 теңге қайдан, қай кезеңде шықты?» — деді Қазақстан картоп және көкөніс өсірушілер одағының төрағасы Байжан Уалиханов.
Фермерлердің барлығы дерлік делдалдар арқылы жұмыс істейді, кейде олардың саны 3–4 буынға жетеді. Шаруалардың өз логистикалық компаниясын құрып, супермаркеттерге шағын партиямен тасымалдау мүмкіндігі жоқ. Картоп өсірушілер одағы мемлекет бағаны реттеуге кіріссе, делдалдарға назар аударатын уақыт келді деп есептейді.


