Атырау облысында жылдамдықты асырғаны үшін полиция тоқтатқан, енді ережені бұзбаймын деп уәде берген жүргізуші бес сағаттан кейін жол-көлік оқиғасына тап болды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

NUR.KZ агенттігінің Атырау облысы полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлауынша, 9 қазанда Атырау — Ақтөбе автожолының 565-шақырымында Jetour X70 және Toyota Hilux көліктері қатысқан ЖКО болды. Апатта ешкім зардап шекпеді.

Апаттан бес сағат бұрын Ақтөбе — Атырау — Астрахань автожолының 715-шақырымында «Оракул-Инсайт» жүйесі 166 км/сағ жылдамдықпен келе жатқан Jetour X70 көлігін тіркеді. Патрульдік полиция ротасының қызметкерлері осы көлікті тоқтатты. Жүйе тіркеген бұзушылық бойынша әкімшілік хаттама автоматты түрде толтырылды.

Полицейлер жүргізушіге жол жүру ережелерін сақтау, белгіленген жылдамдық шектеулерін асырмау және басқа жол қатысушыларының қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарау қажеттігін түсіндірді. Ер адам мұндай жағдай енді қайталанбайтынына уәде бергенімен, ЖКО-ға тап болды.