Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 32 минут бұрын)
Қазақстанға «Эль-Ниньо-Годзилла» қаупі төніп тұр: жаһандық апат жақындады

Жер бетіндегі температураның күрт көтерілуіне себеп болатын «Эль-Ниньо-Годзилла» құбылысы жаһандық климатқа қауіп төндіріп, Орталық Азия елдеріне, соның ішінде Қазақстанға да қатерлі әсер етуі мүмкін.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Климаттық апаттың алғашқы белгілері

Мұхиттың экваторлық тереңдігінен көтеріліп келе жатқан бұл құбылыс жай ғана маусымдық ауытқу емес, керісінше, Жердің метеорологиялық жағдайын түбегейлі өзгертуге қабілетті үлкен апаттың бастамасы болуы ықтимал. Әлемдік болжау орталықтары 2026 жылы адамзатты бұрын-соңды болмаған табиғи сынақ күтіп тұрғанын айтуда.

«Эль-Ниньо-Годзилла» және Қазақстан

Тынық мұхиттағы жасырын процестер мен Қазақстандағы аптап ыстықтың арасында тікелей байланыс жоқ сияқты көрінгенімен, жаһандық климат заңдары мұны жоққа шығарады. Планетаның атмосферасы мен гидросферасы қазба отындардың жағылуынан бөлінген парниктік газдар әсерінен қатты қызып кеткен. Оған енді «Эль-Ниньо» түріндегі табиғи температуралық аномалия қосылуда.

БҰҰ Жанындағы Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымы (ДМҰ) Орталық Азияның аномалды нөсер жауындар мен жан төзгісіз аптап ыстықтың нысанасына айналатынын ресми түрде мәлімдеді. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш бұл жағдайды «климаттық шұғыл ескерту» деп атап, жаңғыратын энергия көздеріне көшуді жеделдетуге шақырды.

Құбылыстың ерекшелігі мен қаупі

Ғалымдардың алаңдаушылығы – «Эль-Ниньоның» Жердің климаттық жүйесі қатты қызып тұрған кезде келуінде. Бұл жаһандық жылынудың салдарымен қабаттасып, жаңа циклды бұрынғылардан әлдеқайда қауіпті етеді. Сарапшылар 2026 жылдың жазы мен күзінде ми қайнатар ыстық болатынын, ал 2027 жыл метеорологиялық бақылау тарихындағы ең аптап жыл атануы мүмкін екенін болжауда.

Қазақстанға төнген қауіптер

Климаттық тәуекелдер картасы бойынша, Қазақстан аномалды жауын-шашын, су тасқыны және құрғақшылық қаупі жоғары аймақтардың қатарына енді. Кейбір сарапшылар елдің екі жыл бойы мұндай табиғат соққысына төтеп бере ала ма деп алаңдаушылық білдіруде. Қазгидромет мамандары жаһандық процестердің ел ішінде экстремалды ауа райының ықтималдығын арттыратынын растап, бірақ уақытынан бұрын үрейге бой алдырмауға шақырды.

«Эль-Ниньо» тек климаттық факторлардың бірі ғана. Қазақстандағы ауа райы жағдайлары аймақтық циркуляцияға, топырақ ылғалдылығына және басқа да атмосфералық процестерге байланысты. Сондықтан Қазақстан үшін қандай да бір кепілді салдарлар туралы айту әлі ерте», – дейді мамандар.

Дегенмен, жалпы көрініс шошытады. Әлемдік басылымдардағы ескертулер адамзаттың ауа райы әлемді дүрбелеңге салатын дәуірге қадам басқанын көрсетеді.

Жаңалықтар

Жарнама