Қазақстанда «Қазақтелекомның» ауқымды инфрақұрылымдық жобасы аясында мемлекет пен компания арасындағы инвестициялық келісімде көзделген 3 008 ауылдық елді мекеннің 1 183-і интернетке қосылды. Бұл туралы «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Бағдат Мусин мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жоба қала мен ауыл арасындағы цифрлық алшақтықты қысқартуға бағытталған және елдегі ең ірі инфрақұрылымдық бастамалардың бірі саналады. Компания дерегінше, бүгінде жоспарланған 42 мың км-дің 16,4 мың км байланыс желісі салынды. Интернетке 1 683 мемлекеттік мекеме қосылды, оның ішінде 797 мектеп пен 303 медициналық мекеме бар. Жобаны 2027 жылы толық аяқтау жоспарлануда.
Компания басшысының айтуынша, әр елді мекенді байланыспен қамту «Қазақтелекомның» стратегиялық міндеттерінің бірі. Алайда шалғай аудандарда телекоммуникациялық инфрақұрылым салу коммерциялық тұрғыдан әрдайым тиімді бола бермейді. Дегенмен цифрлық қызметтерге қолжетімділік азаматтардың тұратын жеріне тәуелді болмауы тиіс.
Заманауи телекоммуникациялық инфрақұрылымның пайда болуы мемлекеттік, білім беру және медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға ғана емес, ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамытуға да жағдай жасайды.
Мәселен, Алматы облысындағы Қарасай ауылының тұрғыны Айгүл Төреханова әлеуметтік желілер арқылы өз кәсібін дамытып отыр. Үш баланың анасы TikTok-тағы тікелей эфирлерде әйелдер киімін сатады, оның 8 мың жазылушысы бар. Жоғары жылдамдықты интернет қосылғанға дейін тұрақсыз байланыс кәсіпкер әйелдің мүмкіндіктерін шектеп келген. Енді ол өз елді мекенінен шықпай-ақ онлайн-трансляциялар жүргізіп, сатып алушылармен байланысып, сатылымды дамыта алады.
Қараша айының басында Бағдат Мусин Алматы облысындағы үш ауылдың, оның ішінде Қарасайдың тұрғындарымен телемост өткізіп, қосылу нәтижелерімен және ауыл тұрғындарының пікірімен танысты. Жалпы Алматы облысында «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы 85 елді мекенді қамтиды. 25 ауылда талшықты-оптикалық желілер қазірдің өзінде тартылды.


