«Қазақтелеком» операторы Екібастұздағы «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» жобасын жүзеге асыру үшін бірнеше миллиард доллар тартуды көздеп отыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Компания басқарма төрағасы Бағдат Мусин Reuters агенттігіне берген сұхбатында қаражатты облигациялар, Қазақстанның даму банкі және халықаралық қаржы институттары арқылы тарту жоспарланып отырғанын айтты.
«ЦОДтар алқабы» жобасын іске асыруға бір миллиард доллармен өлшенбейтін елеулі сомалар қажет. Бұл қаржыландыруды тарту үшін түрлі құралдар, соның ішінде ХҚО алаңындағы облигациялар, сондай-ақ Қазақстанның даму банкінің қаражаты пайдаланылуда. Қатар халықаралық қаржы институттарынан қаражат тарту жұмыстары жүргізілуде», – деді «Қазақтелеком» басшысы.
Оның айтуынша, компания бірқатар қытайлық және американдық институттармен қаржыландыру тарту туралы келіссөздер жүргізуде. Алайда қаражаттың нақты көлемі мен тарту мерзімдері әзірге белгісіз.
Еске салайық, Қазақстан Firebird Inc. компаниясымен NVIDIA қатысатын есептеу жобалары бойынша келісім жасасқан. Қазақстандағы «Болашақ ЦОДтар алқабы» жобасы 10 миллиард доллар инвестиция тартуы тиіс. Деректерді өңдеу орталықтарын құру үшін NVIDIA компаниясының графикалық процессорларына негізделген серверлер пайдаланылады.
Деректерді өңдеу орталықтарының қуаты кемінде 300 МВт болып, ол 1 ГВт-қа дейін артуы мүмкін.


