Қазақстанның Қаржы мониторингі агенттігі қазақстандық қолданушыларға арналған интернет-казиноның заңсыз қызметін ұйымдастырды деп күдіктелген екі шетел азаматын іздестіруге жариялады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ведомство мәліметінше, іздестіруге 1985 жылы 8 ақпанда туған Ресей Федерациясының азаматы Дмитрий Пунин мен 1989 жылы 11 ақпанда туған Украина азаматы Марина Ильина жарияланды. Екеуіне де қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.
Қаржы мониторингі агенттігінде түсіндіргендей, аталған тұлғалар қазақстандық қолданушыларға арналған интернет-казиноның заңсыз қызметін ұйымдастырды деп күдіктелуде.
«Тергеу деректеріне сәйкес, схеманы жүзеге асыру үшін өздеріне бағынышты компанияларды, төлем ұйымдары мен банктік құралдарды қамтыған тармақталған халықаралық инфрақұрылым құрылған», — деп хабарлады ҚМА-да.
Ведомствоның мәлімдеуінше, бұл жүйенің қазақстандық буыны букмекерлік қызметке лицензия алған компания болған, алайда ҚМА дерегінше, бұл бизнес интернет-казино қызметін жасыру үшін пайдаланылған.
«Ақша ағындарын қамтамасыз ету үшін сатып алынған төлем ұйымдары, номиналды басшылар мен банктік терминалдар желісі пайдаланылды. Оларды қосу мен жұмыс істеуі қаржы секторы өкілдерінің көмегімен қамтамасыз етілді», — деп мәлімдеді ведомствода.
Нәтижесінде түрлі банктер мен қаржы ұйымдарында ашылған 24 төлем терминалынан тұратын желі құрылып, оның 14-і ақша қабылдауға пайдаланылған.
Қаржы операцияларының көлемі 106 млрд теңгеден асқан, деп атап өтті ҚМА-да.


