Бірінші қазанда Қазақстанның алты қаласында ауа райы қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасады, ауа ластануы мүмкін. Бұл туралы «Қазгидрометке» сілтеме жасап, infohub.kz сайты хабарлады.

Синоптиктердің дерегінше, қолайсыз метеожағдай Атырау, Ақтөбе және Өскеменде, ал түнде Алматы, Жезқазған және Балқашта күтіледі.

Қолайсыз метеожағдай желсіз тынық ауа райы, әлсіз жел, тұман және температуралық инверсия кезінде қалыптасады. Мұндай ауа райында ластаушы заттар атмосфераның жерге жақын қабатында жиналып, ауа сапасын нашарлатады.

Ластану деңгейіне жауын-шашын, ылғалдылық және ауа температурасы да әсер етеді. Қолайсыз метеожағдай кезінде тыныс алу және жүрек-қан тамырлары ауруы бар адамдар өз сезімін ерекше бақылауы керек.

Тұрғындарға көшеде, әсіресе көлік қозғалысы қарқынды жолдар мен ластану көздерінің маңында аз уақыт болуға кеңес беріледі. Балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ серуендеуден бас тартқан жөн.

Созылмалы ауруы және аллергиясы бар адамдарға қажетті дәрілерін қасында ұстауға кеңес беріледі. Ашық ауадағы спортпен шұғылдануды мүмкіндігінше ғимарат ішіне көшірген дұрыс.

Бұған дейін «Курсив» 1 қазанда Қазақстанның бірқатар өңірінде дауылды ескерту жарияланғанын жазған. Синоптиктер жаңбыр, найзағай, тұман және қатты жел күтіп отыр, кей жерлерде өрт қаупі жоғары және төтенше деңгейде сақталады, деп хабарлайды «Қазгидромет».