Қазақстанның бірнеше ірі қаласының тұрғындарына атмосферада зиянды заттардың жиналуы туралы ескерту жасалды: 16 қыркүйекте Алматы мен республиканың тағы үш қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдай күтіледі, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«Қазгидрометтің» мәліметінше, синоптиктердің дерегінше, ҚМЖ Алматыда, ал түнде Атырау, Өскемен және Семейде болжанады.

Мамандар түсіндіруінше, қолайсыз метеожағдай тымық ауа райы, әлсіз жел, тұман және температуралық инверсия қабаттасқанда туындайды. Соның салдарынан ластаушы заттар атмосфераның жерге жақын қабатында жиналып, ауа сапасының нашарлауына әкелуі мүмкін.

Синоптиктер мұндай кезеңдерде денсаулыққа кері әсер ету қаупі артатынын, әсіресе созылмалы ауруы бар адамдарға қауіпті екенін ескертеді.

Ауаның ластану деңгейіне желдің жылдамдығы, жауын-шашын, ылғалдылық және ауа температурасы әсер етеді.

Тұрғындарға көшеде, әсіресе автожолдар мен басқа да ластану көздерінің маңында жүру уақытын қысқартуға кеңес беріледі. Балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ серуендеуден бас тарту ұсынылады.

Тыныс алу және жүрек-қантамыр жүйесі ауруларына шалдыққан адамдарға, сондай-ақ аллергиясы барларға қажетті дәрілерді жанында ұстауға кеңес беріледі. Ашық ауадағы дене белсенділігін шектеп, мүмкіндігінше жаттығуларды жабық ғимараттарға көшіру керек.

Бұған дейін «Курсив» Астана мен елдің 16 облысында дауылды ескерту жарияланғанын жазған. Найзағайлы жаңбыр, қатты жел, тұман және шаңды дауыл күтіледі.