Қостанай облысында банк қызметкерлері мен полицейлер шетелдік шотқа 1,9 млн теңге аударылуының алдын алды. Егде жастағы ер адам TikTok желісінде 30% жеңілдікпен автокөлік сатылатыны туралы хабарландыруды көріп, ақша жіберуге бел буған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Банк қызметкерлері клиенттің алаяқтардың құрбаны болуы мүмкін екенін сезіп, полицияға хабарласқан. Келген тәртіп сақшылары аударымды тоқтатып, ер адамды облыстық полиция департаментіне алып барып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Анықталғандай, хабарландыруды көрген соң ер адам бейтаныс адамдармен байланысқан. Әрі қарайғы сөйлесу WhatsApp арқылы жүрген: әңгімелесушілер оған нұсқаулық беріп, ақшаны тезірек аударуға көндірген.

Ер адам полицияда екенін айтқан кезде, оған белсенді түрде жазып, аударымды аяқтау үшін дереу кетуін талап ете бастаған. Ведомствоның мәліметінше, әңгімелесушілер оны қорқытуға да тырысып, автокөлік кеденде тұрғанын және төлемді кешіктіру мәселеге әкеп соғатынын айтқан.

Аударым жүзеге аспады, 1,9 млн теңгені сақтап қалу мүмкін болды.

Полиция тауарлар мен автокөліктер туралы күдікті түрде үлкен жеңілдіктермен жарияланған хабарландыруларға сенбеуге, бейтаныс адамдардың нұсқауларын орындамауға және бейтаныс шоттарға ақша жібермеуге шақырды. Күмән туындаса, сөйлесуді тоқтатып, 102 нөміріне хабарласып полицияға жүгіну керек.

Бұған дейін «Курсив» Ресейден Қазақстанға 106 млн теңгеден астам сомаға алаяқтық жасады деген күдіктінің экстрадицияланғанын жазған. Тергеу нұсқасы бойынша, ол 2021-2022 жылдары шетелден автокөліктерді сатып әкелуге уәде беріп, үш адамның ақшасын иемденген. Күдікті қамау изоляторына қамалды.