Қостанай облысында прокурорлық тексеріс қорытындысы бойынша білім бөлімінің басшысы қызметінен босатылды: ведомство жұмысында бюджет қаражатын жымқыру және мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы бұзу фактілері анықталды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қадағалау органының ресми сайтында мәлім болғандай, тексеруді Қарабалық ауданының прокуратурасы жүргізген. Жауапты лауазымды тұлға 768 мың теңгені кіріске алып қоймағаны, сондай-ақ құны 8,7 млн теңге болатын мектеп жабдығы мен оны сатып алуға бөлінген 744 мың теңгенің жоқ екені анықталған.

Осы факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Келтірілген шығын толық өтелді, қылмыстық іс рақымшылық жасау туралы актінің негізінде тоқтатылды.

Сонымен қатар конкурстық рәсімдерсіз 50 млн теңгеден астам сомаға тауарлар сатып алынған, бұл ретте жабдықтың сәйкестігін және кепілдік міндеттемелерді растайтын құжаттар болмаған.

Прокурорлық қадағалау қорытындысы бойынша білім бөлімінің басшысы атқарып отырған қызметінен босатылды, жеті лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.