Қазақстанның үш ірі ұялы байланыс операторы — Beeline, Kcell және Tele2 — Қостанай облысындағы түзеу мекемелерінің аумағында ұялы байланыс сигналының тым қуатты болуына байланысты әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Облыс прокуратурасының мәліметінше, тексеруді прокурорлар радиожиілік жөніндегі мамандармен және колония басшылығымен бірлесіп жүргізген. Мамандар колониялардағы ұялы байланыс қуатын өлшеді. Нәтижелер үш түзеу мекемесінде де Beeline, Kcell және Tele2/Altel сигналдарының шамадан тыс қуатты болып, рұқсат етілген нормалардан айтарлықтай асып кеткенін көрсетті.
Заң бойынша ұялы байланыс операторлары өз мұнараларын түрмелер аумағында байланыс бәсеңдетілетіндей немесе барынша азайтылатындай етіп өздері реттеуге міндетті. Алайда компаниялар бұл талапты елемеген. Соңында прокуратураның араласуынан кейін үш оператор да әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды.
Қадағалау органы мұндай байланыс қолжетімділігі нақты қылмыстарға әкеп соғатынын атап өтті. Колонияларда смартфонды еркін пайдаланған сотталғандар бірнеше рет анықталған.
Прокуратураның хабарлауынша, жазасын өтеп жатқандардың бірі камерадан тұрып-ақ телефон алаяқтығын жасап, адамдарды 4 миллион теңгеге алдаған. Оның телефоны тәркіленіп, жаңа қылмысы үшін ер адам Қылмыстық кодекс бойынша жауап беруге мәжбүр.
Бұған дейін «Курсив» елімізде БЖЗҚ атын пайдаланып телефон алаяқтығы жиілегенін жазған. Алаяқтар адамдарға қор қызметкері ретінде хабарласып, зейнетақы есебіне қосылмаған бірнеше жыл еңбек өтілін анықтағанын айтады. Алаяқтар БЖЗҚ бөлімшесінің нақты мекенжайын атап, электрондық кезекті брондауды ұсынады.


