Қостанай облысында қасқыр адамға шабуыл жасады. Алайда жыртқыштың құтыру ауруымен ауырғанын анықтау енді мүмкін емес — зерттеуге қажет материалдар жарамсыз болып шықты. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

Оқиға Жангелдин ауданындағы Ақкөл ауылында болды. Қасқыр жергілікті тұрғын емес, ата-анасына келген ер адамға шабуыл жасады. Көмекке көршілері жүгіріп шығып, жыртқышты өлтірді. Зардап шеккен адамды шок күйінде ауруханаға жеткізді.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы бөлімінің бас маманы Рустам Бидибаев телеарнаға берген сұхбатында қасқырдың құтыру ауруымен ауырғанын неге анықтау мүмкін болмайтынын түсіндірді.

«Қолда бар мәлімет бойынша қасқырды жергілікті тұрғындар өзін-өзі қорғау кезінде өлтірген. Қасқыр құтыру ауруымен ауырады деп айтуға болмайды, өйткені жабайы жануардың ауруын анықтауға қажет материал — ми — алынбады. Материалдар жарамсыз болды. Жергілікті тұрғындар қорғану кезінде жануардың миын зақымдаған. Материалдар зерттеуге жарамсыз», — деп түсіндірді Бидибаев.

Шабуылдан кейін оқиға орнына ветеринар шақырылды. Қасқырдың өлексесін өртеп, аумақты өңдеді. Зардап шеккен ер адам ауруханаға жеткізіліп, қазір дәрігерлердің бақылауында жатыр.

«Жангелдин ауданындағы оқиғаға қатысты хабарлаймыз: 1978 жылы туған науқас Арқалық өңірлік ауруханасына жеткізілді. Қазіргі таңда оның жағдайы орташа ауырлықта деп бағалануда. Науқас медицина мамандарының бақылауында және клиникалық хаттамаларға сәйкес қажетті медициналық көмек алып жатыр», — деп атап өтті Қостанай облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Бұл оқиға жабайы жыртқыштардың елді мекендерге қаншалықты жақын келетіні туралы әңгімені қайта жандандырды. Елде қасқырлардың саны реттеледі. Қостанай облысы үшін биыл атып алуға шамамен 108 бас деңгейінде шектеу белгіленген. Бірақ мұндай шаралар да тұрғын үй маңында жыртқыштармен кездесуді жоққа шығармайды. Сарапшылар қасқырлардың елді мекендерге шығуы кездейсоқ емес, мұндай мінез-құлықтың өз себептері бар екенін атап өтеді.

«Дені сау қасқыр қар ұзақ жатса және аң аулау қиындаса, адамға шабуыл жасауы мүмкін. Мұндай ауа райында қалыпты қасқыр адамға ешқашан тап бермейді. Қалыпты, дені сау қасқырлар елді мекендерге кірсе, тек үйірімен, шет жаққа кіреді. Сондықтан бұл, бәлкім, құтырған қасқыр болған шығар», — деп пікірімен бөлісті биолог Андрей Андрющенко.

Сарапшылар шабуылдың ықтимал себептерінің бірі ретінде құтыруды атайды. Олардың айтуынша, шабуылдың сипаты да бұл нұсқаның пайдасына куәлік етуі мүмкін: қасқыр ер адамды қолынан тістеп алған. Дені сау қасқырдың аң аулау тактикасы әдетте басқаша болады, дейді сарапшылар.