Қостанайда жол жұмыстары кезінде жаяу жүргіншіні қағып өлтірген арнайы техника жүргізушісіне үкім шығарылды: ер адам бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«Алау» басылымы бұған дейін жазғандай, қайғылы оқиға 27 сәуірде Киевская көшесінде болған. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Басылым мәліметінше, оқиға жүріс бөлігінің шетін тегістеу жұмыстары кезінде орын алған. Айыптау нұсқасына сәйкес, 36 жастағы тиегіш жүргізушісі кері жүріп, маневрдің қауіпсіздігіне көз жеткізбей, 82 жастағы ер адамды қағып кеткен. Алған жарақаттарынан жаяу жүргінші оқиға орнында көз жұмды.

Атап өтілгендей, соққыдан кейін жүргізуші өзі жедел жәрдем мен полиция шақырған, ал тергеу барысында болған жағдайды анықтауға көмектескен. Абайсыздықтан адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзудағы кінәсін толық мойындады.

Сот жеңілдететін мән-жайлар ретінде сотталушының өкінуін және оның асырауында кәмелетке толмаған балаларының болуын ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Жәбірленуші тарап мемлекеттік айыптаушы ұсынған жазамен келісті.

Нәтижесінде арнайы техника жүргізушісіне ең төменгі қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде 2,5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.