Қостанайда маршруттық автобус пен Volkswagen Passat жеңіл көлігі соқтығысқан апат болып, адам қаза тапты. Қостанай облысы полиция департаментінің дерегінше, соқтығысуға дейін жеңіл көліктің жүргізушісі қызыл шамға өтіп кеткен, ал оған дейін тәртіп сақшыларының тоқтау талабына бағынбаған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Әлеуметтік желілерде Қостанайдан маршруттық автобус пен жеңіл көлік қатысқан апаттың салдары түсірілген бейнежазбалар тарады. Оқиғаның мән-жайын Қостанай облысы полиция департаментінде айтып, Volkswagen Passat пен маршруттық автобус қатысқан жол-көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді.

Полиция патрульдік көліктен түсірілген кадрларды да көрсетті: бейнежазбада тәртіп сақшыларының Volkswagen-ның соңынан еріп, жүргізушіден көлікті тоқтатуды талап еткені, алайда ол жүрісін жалғастырғаны көрінеді.

«25 қазанда жеңіл көліктің жүргізушісі жол қозғалысы ережелерін бұзып, полицияның тоқтау талабына бағынбай, жүрісін жалғастырғаны анықталды. Назарбаев даңғылы мен Алтынсарин көшесінің қиылысында ол қызыл шамға өтіп, автобуспен соқтығысты. Соқтығысу салдарынан жүргізуші қаза тапты, жолаушы ауруханаға жатқызылды. Автобуста 55 адам болған, екеуіне оқиға орнында көмек көрсетілді», — деп хабарлады полиция департаментінде.

Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.