Бармысыңдар, бауырлар, қырықтағы?
Бәрің тірі қалдың ба, қарығанда
Қырықыншы жылдардың суықтары?
Туылып ек айлар caп арамызға,
Айлар салып, әріге барамыз ба?!
Бұйырмасын түсінсем., осы біздер,
Шыныменен біреуге ағамыз ба?!
Кеше еді ғой, құдай-ау, кеше еді ғой,
Дүйсенбінің мына дәу шешегі ғой!
Мынау - әзер қаз басқан төрт жасында,
Мұхамеджан қартыңның мешелі ғой.
Тағдыр бізден бәрін де аямаған:
Жылатқан да жұбатқан, аялаған,
Ата қаздан айрылған балапан ек,
Аспан асты, жер үстін саялаған.
Арманымыз жұлдызға жуық болып,
Апыл-тапыл күн кештік суып, тоңып.
Шаруасы шалқайған шағын үйдің,
Шаңырағына шаншылдық уық болып...

