Құрылымдық талдау және оның басты принциптері
Құрылымдық-функцияналдық талдау — құбылыстар мен процестерді жүйелі құрылымдық тұтастық ретінде ғылыми-зерттеу әдісі. Құрылымдық-функцияналдық талдауәдісі 20 ғасырдың орта шенінде құрылымдық және функционалдық талдау әдістерін жүйелі қарастырып, біріктіру нәтижесінде пайда болған. Теориялық-методологиялық негізі жалпы ғылыми танымға тән әмбебап әдіс ретінде қаланғанымен, оның негізгі қолдану аясы мәдени-әлеуметтік құбылыстар мен процестер болып табылады.
Құрылымдық-функцияналдық талдау әдісінде функция ұғымы негізгі орын алады. Бір жағынан, жүйелі тұтастықтың әрбір элементінің өзіндік атқаратын қызметі (функциясы) бар деп есептелсе, екінші жағынан олардың арасында іштей функционалдық тәуелділік, яғни біреуіндегі өзгеріс екіншісіндегі өзгерістің туындысы ретінде қарастырылады. Зерттеліп отырған жүйеге оның орнықты өмір сүруін қамтамасыз ететін себептілік, генетикалық, құрылымдық, т.б. байланыстармен бірге функционалдық байланыс та тән екендігі, жүйелі тұтастықтың өзгеруі мен дамуында басқа процестермен қатар функционалдану процесі де маңызды рөл атқаратыны назарда ұсталады. Құрылымдық-функцияналдық талдау мынадай жағдайларда жүргізіледі: а) белгілі бір мәселені оның жекелеген элементтері бойынша талдау, құрылымын анықтау және олардың өзара ықпалдасуы туралы болжамдарды тұжырымдау; ә) әрбір элементтің жалпылық және жекелік дәрежесін, әрекет сипатын, олардың өзіндік құрылымын ескере отырып, оған сапалық талдау жасау; б) әрбір элементтің сандық өзгеруі мен өзара әсер күшін салыстыру; в) алғашқы талдау негізінде элементтерді жинақтау. Құрылымдық-функцияналдық талдау социологияда кеңінен қолданылып, бірнеше даму сатысынан өтті. Оның пайда болуының алғышарттарын классикалық социологиядан (Спенсерден Дюркгеймге дейін) табуға болса, шарықтау шегіне жетуі бейклассикалық социология (Малиновский, Сорокин, Парсонс, Мертон) кезеңіне сай келеді. Постклассикалық социологияда (Фуко, Гидденс, Хабермас, Луман, т.б.) ол басқа методологиялық зерттеулер құрамына сіңіп, өз алдына зерттеу тәсілі ретіндегі сипатынан айырылды. Дегенмен, нақтылы эмпирикалық социологиялық зерттеулерде қолданбалы ғылыми методологиялық құрал ретінде өз орнын сақтап қалды.
Құрылымдық-функцияналдық талдау — XX ғасырдың екінші жартысында Батыс Еуропа, АҚШ елдерінде калыптасқан қоғамдық ғылымдардың әдіснамалық бағыты. Оның басты ерекшелігі: әлеуметтік арақатынастардағы басты элементтерді бөліп, олардың орындары мен рөлдік кең көлемді байланыстырып табу, сөйтіп қоғамды жүйелік тұрғыдан зерттеу. Құрылымдық-функцияналдық талдаудың басты идеясы — қоғамды біртұтас құрылымдық құбылыс деп зерттеп дәлелдеу. Бұл идеяны Платонның, Аристотельдің, Т.Гоббстың, Спинозаның, Г.Спенсердің, Э.Дюркгеймнің еңбектеріңде кездестіруге болады. Құрылымдық-функцияналдық талдау арнайы бағыт ретінде мәдени антропологиялық ғылыми мектептің өкілдері Б.Малиновскийдің, А.Радклифф Браундардың жұмыстарында қалыптасты. Олар Құрылымдық-функцияналдық талдауды тарихи-каузалық, (себептілік) зерттеулерге қарсы қойды. «Күрделі қоғамдық құбылыстардың қайдан шыққанын түсіндіру мүмкін емес, сондықтан олардың қоғам құрылысындағы атқаратын қызметтерін анықтаса, ол қоғамды ғылыми тұрғыдан түсіндіру болып табылады», — деп есептеді. Құрылымдық-функцияналдық талдау деген ұғым Р.Мертонның жұмыстарында қолданылды. Құрылымдық-функцияналдық талдау бағытына «дисфункция», «айқын» жөне «астарлық» (латенттік) қызмет деген ұғымдар енгізді, әлеуметтануға «орта деңгейлі теория» қажет деген ұсыныс жасады. Р.Мертон құрылымдық-функцияналдық талдаулардың ұш қағидасын ұсынды:
• Қоғамның функционалдық бірлігі яғни, қоғамның барлық бөліктері өзара функционалдық бірлікте болады;
• Функционалдылықтың әмбебаптығы (яғни, барлық қоғамдық құбылыстар (функционалды);
• Мәжбүрлік (қоғамдық құбылыстардың функциялары мәжбүрлі түрде жүзеге асады).
Сыншылар Р.Мертонның бұл кағидаларын мән-мағынасын тавтология деп бағалайды. Адамдар іс-әрекеттерінің функциялық жақтары екіге бөлінеді: айқын функция — салдары алдын ала белгілі болған іс-әрекеттер; астарлы (латентті) функция — белгілі бір салдардың болуы мүмкін екенін алдын ала білмей жүзеге асырылған іс-әрекеттер, адам ондай салдар болған күнде де, оны өзінің іс-әрекетінен туғанын аңғармауы мүмкін. Астарлық функцияны М.Леви алдын ала болжанбаған, бірақ кейін үғылған және алдын ала ойластырылған, бірақ кейін танылмаған функциялар деп екіге жіктеп анықтаған. Р.Мертон идеяларын дамытушылар (М.Леви, К.Гемпель, Н.Смелзер, т.б.) Қ-ф. т. екі бағытын қалыптастырды:
• құрылымдық талдаудан бастап функцияларды анықтау;
• функционалдық қағидалар, талаптар тұрғысынан бастап оларды қамтамасыз ететін құрылымды табу.
Олар құрылымдық-функцияналдық талдаудың қисынды- әдіснамалық негіздерін анықтап жетілдірді. Қоғамдық кұрылымның басты элементтері деп жалпыға мәнді әлеуметтік үлгі-нұсқаулардың, адамның мінез-құлықтарының үлгілерін айтамыз. Ал олардан ауытқуды да сол үлгі-нұсқаулардың ерекше көрінуі деп аталады. Құрылымдық – функцияналдық талдау әдісі ҚазҰУ- да филология факультетінің аударма ісі мамандығының пәндерінде қарастырылады.
Педагогика ғылымының магистрі: Габдкаримова Г.С.
Орындаған: Өмірзақ Меруерт