Алматыда өткен «Қазақстан – Қытай» инвестициялық форумында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қытайлық инвесторлармен екі келісімге қол қойды. Біріншісі үш жел электр станциясын салуды, екіншісі Жақсы ауданындағы элеваторды жаңғыртуды көздейді. Әкімдіктің дерегінше, бұл жобаларға салынатын жалпы инвестиция көлемі 506 млн долларға жетуі мүмкін, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

SUNGROW Renewable Development Co., Ltd. компаниясы қуаты 300, 100 және 50 МВт станциялар салмақ. Олардың ең үлкені Есіл ауданында, қалған екеуі Зеренді ауданында бой көтереді. Үш нысанның жалпы қуаты 450 МВт болып, оларға салынатын инвестиция 500 млн долларға дейін бағаланып отыр.

Жер телімдері рәсімделіп, жобалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өткен. Құрылыс жұмыстарын 2026 жылдың қазанында бастап, 2028 жылға қарай аяқтау жоспарлануда. Станциялар іске қосылған соң 25-тен астам тұрақты жұмыс орны ашылады.

«Жаңа жоба жаңартылатын энергетика қуатын арттырып, жеке инвестицияларды тартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Әкімдік жобаларды барлық кезеңде сүйемелдейтін болады», — деді Ахметжанов.

SUNGROW Renewable Development қытайлық Sungrow Power Supply тобына кіреді, оның акциялары Шэньчжэнь биржасында саудаланады. Әкімнің айтуынша, 2023 жылы Аршалы ауданында SUNGROW-мен бірлесіп жалпы қуаты 221 МВт жаңартылатын энергетика жобалары жүзеге асырылған. Оларға салынған инвестиция 100 млрд теңгеден асқан.

Сонымен қатар компания Ақтөбе облысының Хромтау ауданында қуаты 200 МВт жел станциясын салу туралы келісім жасады. 2025 жылы жергілікті әкімдік бұл жобаны 171 млн долларға бағалап, станцияны 2027 жылы іске қосуды жоспарлаған.

Екінші жоба Жақсы ауданындағы Қазақ ауылындағы элеваторға қатысты. Қытайлық East Hope Group жұмыс істеп тұрған нысанды сатып алып, оны қайта жаңғыртуда. Жұмыстар шамамен 80%-ға орындалып, іске қосу 2026 жылдың қазанына жоспарланған.

Жаңғыртудан кейін кәсіпорын бидайды қабылдап, сақтап, өңдей алады, сондай-ақ жылына 100 мың тоннаға дейін жем ұнын шығарады. Жобаға 6 млн доллар салынады. Толық қуатқа шыққан соң мұнда 30 тұрақты жұмыс орны ашылады.

Бұған дейін «Курсив» француздық Total компаниясының Қазақстанда қуаты 1 ГВт «Мирный» алып жел паркін энергия жинақтау жүйесімен бірге сала бастағанын жазған болатын. Жалпы инвестиция көлемі 1,1 млрд долларды құрайды деп жоспарлануда.