Қытайда 35 жастағы ер адам зәр шығару кезіндегі ауырсыну мен зәрде қан болуына шағымданып, ауруханаға жүгінді. Дәрігерлер оның денесінен бірнеше металл бөгде заттарды тапты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Зәр шығару мәселесінен бөлек, науқас өзін жалпы жағдайда қалыпты сезінген — басқа шағым болмаған. Алайда тексеру барысында дәрігерлер жүрек тұсынан әдеттен тыс көлеңкені байқады.
Контрастты компьютерлік томография ер адамның денесінің әртүрлі бөліктерінде инеге ұқсайтын көптеген металл заттар бар екенін көрсетті. Олар жүрек тұсынан, құрсақ қабырғасынан, жамбастан, қуықтан және жыныс мүшесінен табылды.
Жүрек УДЗ-і ұзындығы шамамен 3,6 см болатын инелердің біреуі сол жақ қарыншаның қабырғасына еніп, оның қуысына шығып тұрғанын анықтады. Ол жүрек бұлшықетін зақымдауы немесе басқа асқынуларға әкелуі мүмкін еді. Сондықтан хирургтар алдымен дәл сол инені алып тастауды шешті.
Ота барысында дәрігерлер тұтас қара металл тігін инені алып шықты. Ол коррозия іздерімен қапталған, бұл оның организмде ұзақ уақыт болғанын көрсетті. Сонымен қатар науқастың кеудесінде иненің қалай кіргенін түсіндірерліктей көрінетін тыртық болмаған.
Отадан кейін жүректің қызметі уақытша нашарлады. Жетінші күні дәрігерлер сол жақ қарыншаның төбесінің шығып тұрғанын және тромб болуы мүмкін түзілісті анықтады.
Ер адам отадан кейінгі тоғызыншы күні шығарылды. Тоғыз айдан кейін оның жағдайы тұрақты болып, жүрек қызметі қалпына келді.
Қалған бөгде заттарды дәрігерлер әзірге алып тастамауды шешті, өйткені ота өзі ұлпаларды зақымдап, басқа асқынуларға әкелуі мүмкін еді. Оның орнына науқасты бақылауды жалғастырды.
Дәрігерлер болған жағдайдың нақты себебін анықтай алмады. Ер адам бала кезінен интеллектуалдық мүгедектігі болған, ал өзі және оның заңды өкілі болып табылатын әкесі науқастың денесіне инелердің қайдан келгенін түсіндіре алмады.
Екі жыл бұрын басқа ауруханада ер адамның құрсақ аймағынан екі бөгде зат алынған болатын. Осы тарихты ескере отырып, дәрігерлер ол заттарды өз бетінше денесіне енгізуі мүмкін деп болжады. Онда адамның тері астына немесе тіндерге тереңірек түрлі заттарды әдейі салатын өзін-өзі зақымдаушы мінез-құлықтың сирек түрі болуы мүмкін.
Авторлар мұндай жағдайларды, әсіресе науқас толық медициналық тарихын бере алмаған кезде, диагностикалау өте қиын екенін атап өтті. Олардың айтуынша, мұндай жағдайларда визуализация әдістері — КТ және эхокардиография маңызды рөл атқарады.
Бұған дейін Kursiv Health Шымкенттегі жасөспірімнің асқазанынан килограммдық шаш түйінін алып тастаған жағдай туралы жазған болатын.


