Қытайда дәрігерлер 35 жастағы ер адамның жүрегінің сол жақ қарыншасынан тігін инесін тапты. Науқас қуық ауыруына шағымданып келген, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Зияткерлік қабілеті бұзылған науқас дәрігерлерге зәр шығару кезіндегі ауырсыну мен несептегі қанға шағымданған. Компьютерлік томография оның денесінен инеге ұқсайтын бірнеше металл затты анықтады. Олар құрсақ қабырғасында, жамбаста, қуықта және жыныс мүшесінде орналасқан. Ең қауіптісі — перикардты тесіп өтіп, жүрек соғысымен бірге қозғалып жүрген 36 миллиметрлік сынық болды.
Мамандар ең қауіпті затты алып тастау үшін шұғыл ота жасауға бел буды. Ота сәтті өтті: хирургтер коррозиядан қарайып кеткен тігін инесін алып шықты. Науқастың кеудесінде жаңа жаралар мен тыртықтар болмаған, бұл металдың орган ішінде ұзақ уақыт жатқанын көрсетеді. Қалған заттарды алу өмірге қауіп төндіретіндіктен кейінге қалдырылды.
Отадан кейін жүректің қызметі түскен салмақ пен зақымданулардан уақытша нашарлады, бірақ көп ұзамай ер адамның жағдайы тұрақтанды. Ауруханадан шыққаннан кейін тоғыз ай өткенде дәрігерлер тұрақты жақсарғанын растады. Медиктер мұндай жағдайлар өте сирек кездесетінін атап өтті: ғылыми әдебиетте 1960-жылдардан бері барлығы 34 ұқсас оқиға сипатталған.


