Ақмола облысында Zijin RG Gold компаниясының жаңа алтын өндіру фабрикасының құрылысы басталды. Жобаға салынатын инвестиция көлемі $600 млн астам болады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, кәсіпорын Райгородок кен орнында салынуда. Жаңа фабриканың жобалық қуаты жылына 10 млн тоннаға дейін руданы құрайды. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін кешеннің жалпы қуаты жылына 16 млн тонна рудаға дейін артады, ал Доре қорытпасының өндірісі жылына 6 тоннадан 12 тоннадан астамға дейін ұлғаяды. Сонымен қатар, кәсіпорын жылына шамамен 7 тонна алтын өндіре алады.
Тек фабриканың өзі ғана емес, жоба аясында энергиямен жабдықтау, сумен қамтамасыз ету нысандары, қалдық қоймасы, көлік инфрақұрылымы, жөндеу-қойма кешендері және 400 адамға арналған вахталық қалашық салу көзделген.
Zijin Mining компаниясы аймақ жастарына арналған стипендиялық бағдарламаны іске қосты. Студенттер Қытайда білім алып, оралған соң кеніште және жаңа зауытта жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болады. Сондай-ақ, Ақмола облысының жоғары оқу орындары мен колледждерімен ынтымақтастық жоспарлануда.
«Біздің аймақ үшін осындай деңгейдегі инвестордың келуі – ауқымды оқиға. Бұл экологиялық жауапкершілігі жоғары, бүкіл саланың дамуының жаңа, жоғары технологиялық кезеңіне көшу», – деп атап өтті Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов.
Ақмола облысы бүгінде Доре қорытпасының республикалық өндіріс көлемінің 54%-ын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, Altyntau Kokshetau кәсіпорны өндіріс алаңын кеңейтіп, жерасты өндірісін бастауда. «Алтыналмас» Жолымбет және Ақсу кеніштеріндегі алтын өндіру фабрикаларын жаңғыртуда. Бұл жұмыстардың құны 23 млрд теңгені құрайды.
Аймақ билігі ірі жобалардың жүзеге асырылуы 2028 жылға қарай алтынды қайта өңдеу көлемін жылына 50 млн тонна рудаға дейін арттыруға мүмкіндік береді деп күтеді.


