Қытайда бұрын белгісіз болған ALTNV вирусы анықталды. Бұл вирус Haemaphysalis longicornis кенелерінің шағуы арқылы таралып, ауыр аурулар тудырады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Пекин мемлекеттік патогендер мен биокауіпсіздік негізгі зертханасының ғалымдары Orthonairovirus тегіне жататын жаңа ALTNV вирусын тапты. Бұл жаңалық Даби вирусына (DBV) ұқсас белгілері бар 3163 науқасқа жүргізілген тексеру кезінде ашылды. Науқастардың 10,4% -ында DBV тестінің нәтижесі теріс болып шықты, бұл ғалымдарды қоздырғышты іздеуді жалғастыруға итермеледі.
Жаңа вирус A тұмауына ұқсас белгілерді тудырады: жоғары температура, қатты шаршау және асқазан-ішек жолдарының бұзылуы. Сарапшылардың алаңдаушылығын тудыратыны — ALTNV вирусы Даби вирусымен бірдей аймақтарда таралып, сол азиялық кенелер арқылы жұғады, ал Даби вирусының өлім деңгейі 30% -ға жетеді. Екі вируспен де жұқтырған кезде науқастарда бүйрек пен тыныс алу жолдарының ауыр зақымдануы байқалады.
Генетикалық тестілер ALTNV-дің белгілі штаммдардың мутациясы емес, мүлдем жаңа патоген екенін растады. Инфекцияға қарсы арнайы ем немесе антибиотиктер әлі жоқ болғандықтан, ғалымдар дифференциалды диагностиканы күшейтуді және эндемиялық аймақтарға сапар кезінде сақтық шараларын қолдануды сұрайды.


