15 қыркүйектен бастап Қытайда Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің жаңа регламенті күшіне енді. Құжат елдің егемендігін, қауіпсіздігін және даму мүдделерін қорғауға бағытталған қосымша шараларды енгізеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Құжатта атап өтілгендей, ережелер шетелге шығатын және елге кіретін азаматтардың заңды құқықтарын, сондай-ақ мемлекеттің егемендігі мен қауіпсіздігін және даму мүдделерін қорғауды көздейді.
Жаңа регламентке сәйкес, билік жекелеген елдерге бару кезінде туындайтын тәуекелдер туралы ескертулер жариялап отырады.
Шетелде құқық бұзушылық жасаған немесе экспорттық бақылау ережелерін бұзған Қытай азаматтарына алты айдан үш жылға дейін шетелге шығуға тыйым салынуы мүмкін.
Шетелдіктерге виза рәсімдеу кезінде немесе шекарада жалған мәлімет бергені үшін Қытайға кіруге бір жылдан бес жылға дейін тыйым салынуы мүмкін.
Сонымен қатар, шетелге шығу және елге кіру жөніндегі делдалдар үшін міндетті тіркелу енгізіледі. Заңсыз қызмет үшін 750-ден 7 500 долларға дейін айыппұл қарастырылған.


