Қытайда аквариумдарға арналған смарт розеткалар мен ұзартқыштар шығаратын Volda компаниясының серверлеріне хакер шабуыл жасап, оларды өшіріп тастады. Соның салдарынан тіршілікті қамтамасыз ету жүйелері істен шығып, үйге оралған иелері өлі балықтарды көрді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Шабуыл Қытай Халық Республикасының құрылған күнін мерекелеу кезінде жасалды. Қаскөй Volda серверлерін істен шығарды, содан кейін оларға қосылған розеткалар бүкіл ел бойынша жұмыс істемей қалды. Иелері құрылғыны қосымша арқылы қолмен қоса алмады.
Электр қуатының өшірілуіне байланысты бүкіл елдегі аквариумдардағы тіршілік жағдайын қамтамасыз ететін жүйелер де тоқтады. Иелері үйде болмаған кезде көптеген балықтар қырылды.
Volda зардап шеккен қолданушылардан кешірім сұрап, қауіпсіздіктегі осалдықтарды жапқанын мәлімдеді. Компанияның дерегінше, қаскөйді анықтау мүмкін болды, ал қытай полициясы тергеу бастады. Енді Volda өз қызметтерінің қорғанысын күшейтіп, жүйелерді тәулік бойы бақылауды ұйымдастырмақ.
Бұған дейін «Курсив» Қытайда автокөлік иелері көлік капотында «аквариум» жасайтынын жазған еді.


