Алматы облысындағы «Шелек-1» жел электр станциясын басқаратын «Энергия Семиречья» компаниясы іске қосылғаннан бері алғаш рет таза пайдаға шықты. 2025 жылдың қорытындысы бойынша табыс 2,22 млрд теңгені құрады, ал бір жыл бұрын компания 3,28 млрд теңге шығынға ұшыраған еді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Аудиттен өткен қаржылық есептілікке сәйкес, кәсіпорынның түсімі 2024 жылғы 6,28 млрд теңгемен салыстырғанда 6,43 млрд теңгеге дейін өсті. Жалпы пайда 3,87 млрд теңгеден 4,09 млрд теңгеге ұлғайды.
Қаржылық көрсеткіштердің жақсаруына басты фактор – оң бағамдық айырма болды. 2024 жылы компания валюталық қайта бағалаудан 4,09 млрд теңге шығын келтірсе, 2025 жылы бұл бап 1,05 млрд теңге табыс әкелді.
Салық салынғанға дейінгі пайда 2,55 млрд теңгеге жетті, ал бір жыл бұрын 3,28 млрд теңге шығын болған еді. Корпоративтік табыс салығын төлегеннен кейін таза пайда 2,22 млрд теңгені құрады.
Кәсіпорынның қаржылық шығындары айтарлықтай болып қалуда, дегенмен төмендеді: 2025 жылы олар 1,97 млрд теңгені құрады, ал өткен жылы 2,05 млрд теңге болған.
Бұған дейін 2024 жылдың қорытындысы бойынша «Энергия Семиречья» 3,28 млрд теңге шығынға ұшырағаны хабарланған болатын. Жел электр станциясы іске қосылғаннан кейінгі үш жыл бойы компания негізінен бағамдық айырмаларға байланысты шығынды болып келді.
2025 жылдың соңына қарай компания акцияларының 75% Қытайдың Power Construction Corporation of China Limited компаниясының екі еншілес құрылымына тиесілі. Қалған 25% «Самұрық-Энерго» құрамына кіретін Qazaq Green Power PLC бақылайды.
Қуаты 60 МВт «Шелек-1» жел электр станциясы Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында орналасқан. Құны 37,4 млрд теңгені құрайтын жобаға әрқайсысының қуаты 2,5 МВт болатын 24 жел қондырғысы кіреді.


