Пекиндегі Патогендер мен биологиялық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік бас зертханасының қытайлық зерттеушілері бұрын белгісіз болған ортонаировирусты анықтады. Ол кене шағуы арқылы жұғады, тұмауға ұқсас белгілер мен ішкі ағзалардың зақымдануын тудырады. Nairoviridae тұқымдасына жататын жаңа патоген Asian longhorned tick nairovirus (ALTNV) деп аталды. Зерттеу нәтижелері New England Journal of Medicine ғылыми журналында жарияланды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ашылым Даби вирусына (DBV) ұқсас белгілері бар, бірақ осы ауыр қызбаға жасалған тесті теріс шыққан науқастардың 30 пайызының жағдайы нашарлауының себебін іздеу барысында жасалды. Зерттеушілер кене шағуынан зардап шеккен 3 163 науқастың үлгісін талдады. Олардың 10,4 пайызы ALTNV жұқтырғаны белгілі болды. Ал DBV-ге тесті теріс шыққан адамдар арасында жаңа вирусты жұқтырғандардың үлесі 15,1 пайызды құрады.

ALTNV-нің жеке инфекциясы кезіндегі негізгі белгілер — қатты шаршау (84%), асқазан-ішек бұзылыстары (80%), тромбоцитопения (38%) және аминотрансфераза деңгейінің жоғарылауы (36%). Моноинфекциямен ауырған науқастардың барлығы сауығып кетті.

ALTNV мен DBV-нің бір мезгілде жұғуы ерекше қауіп төндіреді. Мұндай жағдай 38 адамда тіркелді. Қосарланған инфекция кезінде респираторлық белгілер науқастардың 61 пайызында, ал бүйрек қызметінің бұзылыстары 84 пайызында байқалды. Бұл топтағы өлім көрсеткіші 18,4 пайызды құрады.

Қытайдың 15 провинциясынан жиналған 47 428 кенені тексеру барысында олардың 1,3 пайызында ALTNV-нің РНҚ-сы табылды. Вирус жиірек сүтқоректілерге патоген жұқтыра алатын азиялық тісті кене Haemaphysalis longicornis-те (1,8%) кездесті.