Қызылорда облысында дербес деректер жаппай тарап кетті: Шиелі ауданындағы жеті білім беру мекемесінің басшылары мемлекеттік сатып алу порталына 529 қызметкерінің құпия мәліметтерін жариялап қойған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қызылорда облысының прокуратурасы мәлім еткендей, барлық құпия ақпарат мемлекеттік сатып алу порталындағы ашық құжаттарға жай ғана тіркеліп қойылған. Бұзушылықты прокурорлар байқап, жағдайға араласқан.
«Аталған бұзушылықтар жеті білім беру ұйымында анықталып, салдарынан 529 қызметкердің еңбек құқықтары бұзылды. Прокурорлық қадағалау актісінің негізінде дербес деректерді қамтитын мәліметтерді мемлекеттік сатып алу порталынан өшіру бойынша тиісті шаралар қабылданды», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар дербес деректерді заңсыз жариялауға жол берген білім беру ұйымдарының басшылары тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Прокуратура Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтауды бақылауда ұстайтынын атап өтті.
Бұған дейін «Курсив» Қазақстанның Ішкі істер министрлігі Ұлттық қауіпсіздік комитетімен, Бас прокуратурамен және Чехия полициясымен бірлесіп, қазақстандықтар мен ТМД азаматтарының дербес деректерін заңсыз сатқан халықаралық желіні жойғанын жазған. Бірлескен тінту барысында жабық интернет-ресурс арқылы әрекет еткен қылмыстық схеманың ұйымдастырушылары ұсталды.
Одан бұрын Ұлттық қауіпсіздік комитеті микроқаржы ұйымдары мен коллекторларға қазақстандықтардың жеке деректерін сатқан топты ұстағаны хабарланған.


