Қызылордада полиция қызметкерлері жол жүру ережелерін өрескел бұзған үйлену тойының кортежін тоқтатты. Жүргізушілер жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қызылорда облысы полиция департаментінің мәліметінше, жедел-бақылау орталығының қызметкерлері бейнекамералар арқылы қала орталығында жол ережесін өрескел бұзған үйлену шеруінің көліктерін анықтады. Деректер патрульдік экипаждарға жедел жеткізілді.
«Нәтижесінде шеруге қатысқан барлық көлік жүргізушілері тоқтатылып, полицияға жеткізілді. 33 хаттама толтырылып, 12 бұзушыға айыппұл салынды. 10 көлік арнайы тұраққа қойылды», — делінген хабарламада.
Тексеру барысында қарсы жолаққа шығу, қауіпті маневрлер жасау, көлік жүргізу кезінде телефон пайдалану, қауіпсіздік белдігін тақпау және жол ережелерін бұзудың басқа да фактілері анықталды.
«Полиция азаматтарды жол жүру ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Той немесе басқа да мерекелік шаралар жолда қауіпті жағдай туғызуға себеп бола алмайды. Шерулердің жолда ешқандай артықшылығы жоқ, заң талаптарын бұзған әркім жауапкершілікке тартылады», — деп еске салды полиция.


