Қызылордада 21 жастағы жүргізуші жол жүру ережелерін бірнеше рет бұзғаны үшін көлік басқару құқығынан жеті жылға айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

NUR.KZ порталының Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлауынша, бейнебақылау камералары жол жүру ережелерінің бірнеше бұзылғанын тіркеген соң, полиция дереу шара қолданды. Бұзушы анықталып, полиция басқармасына жеткізілді.

Ішкі істер министрлігінің ақпараттық медиапорталының дерегінше, тексеру барысында ер адамның көлікті мас күйінде басқарғаны анықталды. Ол Қызылорда қаласының 21 жастағы тұрғыны Нұрсұлтан Айтбаев болып шықты.

Сонымен қатар жүргізушіге қатысты маневр жасау ережелерін бұзғаны, техникалық байқаудан өтпей көлік басқарғаны, апаттық жағдай туғызғаны, сондай-ақ бағдаршамның қызыл тыйым салатын белгісінен өткені үшін әкімшілік хаттамалар толтырылды.

Сот шешімімен құқық бұзушы 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, көлік басқару құқығынан жеті жылға айырылды. Автомобиль айыппұл тұрағына қойылды.

«Полиция барлық жол қозғалысына қатысушыларды жолдағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға және өзге азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін әрекеттерге жол бермеуге шақырады», — деп қосты полицияда.

Бұған дейін Жезқазғанда полиция талаптарына бағынбаған және көлікті мас күйінде басқарған жүргізушінің 35 тәулікке қамалғаны хабарланған болатын.