Қазақстанның белгілі кәсіпкері Кеңес Ракишевке қатысты компания Батыс Қазақстан облысындағы мұнай-газ активтерін сатып алуда. Мәміле сомасы $304,6 млн құрайды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Британдық Nostrum Oil & Gas компаниясының еншілес құрылымы «Жайықмұнай» ЖШС және «Позитив Инвест» ЖШС-дегі үлестерін сату туралы келісімге қол қойды. Сатып алушы ретінде Altaris Holding Ltd. шығады, оның құрылтайшыларының қатарында Fincraft Group компаниясының құрамына кіретін Fincraft Energy Holding Limited бар.
Мәміленің түпкілікті сомасы таза қарыз, айналым капиталы және ақша қаражаттарын ескере отырып түзетіледі.
Мәмілеге Батыс Қазақстан облысындағы мұнай-газ активтеріне құқығы бар екі компания кіреді. «Жайықмұнай» ЖШС Чинаревское кен орнын игеру құқығына ие, ал «Позитив Инвест» ЖШС Каменское және Каменско-Тепловско-Токаревское учаскелеріне құқықтарды иеленеді.
Екі үлестің де сатып алушысы Altaris Holding Ltd. болады, оның құрылтайшылары Fincraft Energy Holding Limited және Alturion Holding Limited болып табылады. Fincraft Energy Holding Limited Кеңес Ракишевтің Fincraft Group құрылымына кіреді, ал Alturion Holding Limited акционері БАӘ-де тіркелген ALTURION FZCO болып табылады.
Мәміленің себебі Nostrum компаниясының қарыз жүктемесі болды. Топтың облигациялары 2026 жылғы 30 маусымда өтелуге тиіс еді, алайда компания кредиторлар алдындағы міндеттемелерін толық орындай алмады. Қазақстандық активтерді сату аяқталғаннан кейін Nostrum қамтамасыз етілген облигацияларды толық өтеп, қамтамасыз етілмегендері бойынша ішінара есептесуді жоспарлап отыр. Қамтамасыз етілмеген облигациялар ұстаушыларына бірінші кезеңде шамамен $150 млн төлеу жоспарлануда.
Мәміле аяқталғаннан кейін Nostrum бүкіл топты реттелген түрде жабуға кіріспек. Компания сондай-ақ кредиторлармен есептескеннен кейін акционерлерге қалатын елеулі қаражат болмайтынын ескертеді.
Активтерді сатудан түскен $304,6 млн ең алдымен Nostrum міндеттемелерін өтеуге жұмсалуы тиіс.
Сату әлі аяқталған жоқ. Мәмілені жабу үшін бірқатар шарттарды орындау қажет, оның ішінде қазақстандық реттеушілердің, Энергетика министрлігінің, QazaqGaz компаниясының және облигациялар ұстаушыларының бір бөлігінің келісімі. Тағы бір шарт – сатып алушы тарапынан қаржыландыруды растау. Шарттарды орындаудың базалық соңғы мерзімі 2026 жылғы 15 қыркүйек болып белгіленген, қажет болған жағдайда ол тағы екі айға автоматты түрде ұзартылуы мүмкін.
Кеңес Ракишев Forbes құрастыратын Қазақстанның ең бай бизнесмендері рейтингінде 27-орында тұр. Оның байлығы $402 млн деп бағаланады, бұл 2025 жылғы рейтингпен салыстырғанда $33 млн-ға аз. Бұған дейін «Курсив» Кеңес Ракишевтің компаниясы 400 млн теңгеге жуық дивиденд төлейтінін жазған болатын.


