Шешен Республикасының басшысы Рамзан Қадыров Ресей мұсылмандарының рухани жиналысының жоғары марапаты – Ресейдің тұңғыш мүфтиі Мұхамеджан Хұсайынов атындағы I дәрежелі орденмен марапатталды. Бұл туралы ұйымның баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады infohub.kz.

Ресей мұсылмандарының рухани жиналысының басшысы, Мәскеу мүфтиі Әлбір хазрет Қорғановтың айтуынша, марапаттау туралы шешімді ұйымның Төралқасы қабылдаған. «Ресей мұсылмандарының рухани жиналысы Төралқасының шешімімен қоғамдық дипломатияны дамытудағы ерекше еңбегіңіз, дәстүрлі рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайтудағы, дінаралық бейбітшілік пен келісімге қол жеткізудегі айтарлықтай үлесіңіз үшін сіз (Рамзан Қадыров – ред. еск.) Ресей мұсылмандарының рухани жиналысының жоғары марапатына ие болдыңыз», – деп келтіреді оның сөздерін РБК.

Мүфти сондай-ақ Қадыровты 50 жасқа толуымен құттықтап, оның Шешенстанды дамытуға, мешіттер мен медреселер салуға қосқан үлесін, сондай-ақ мұқтаж жандарға, ресейлік әскери қызметшілер мен олардың отбасыларына көрсеткен көмегін атап өтті.

Айта кетейік, Қадыровқа берілген орден тек 2026 жылы – Ресей мұсылмандарының рухани жиналысының он жылдығына орай тағайындалған. Марапаттың үш дәрежесі бар, оның ішінде бірінші дәрежесі жоғары болып саналады.

Еске салайық, қыркүйекте Рамзан Қадыров Шешенстан басшысы сайлауында жеңіске жеткен болатын. Ол бұл қызметте 2007 жылдан бері отыр – Ресей өңірлерінің басқа басшыларына қарағанда ұзақ уақыт. Сондай-ақ жақында шешен көшбасшысы Ресей армиясының генерал шенін және қызыл беретті алды.