Ресейде Қазақстанда әлдеқашан сәтті енгізілген екпе жасауға енді ғана дайындық басталды: 2027 жылдан бастап ресейлік дәрігерлер 12–13 жасар қыздарды адам папилломавирусына — жатыр мойны обырының басты себебіне қарсы жаппай егей бастайды. Бұл туралы Интерфакс жазып, infohub.kz сайты хабарлайды.
Ресей Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Михаил Мурашко айтуынша, жасөспірімдерге ресейлік өндірістегі препарат егіледі. Бұл шара әйелдер арасындағы өлім-жітімді күрт азайтып, олардың репродуктивті денсаулығын сақтауға тиіс.
Оның сөзінше, 2027 жылдың басынан бастап дайындық рәсімдері жүргізіледі, ал жылдың екінші жартысынан бастап 12–13 жасар қыздарды егуге кіріседі.
«Қалай болғанда да, қазір біз осылай болжап отырмыз және бұл бүгінгі таңда отандық өніммен де қамтамасыз етілген», – деді ол «Ана және бала» форумында.
Басылымның мәліметінше, жасөспірімдерді ресейлік «Цегардекс» препаратымен егу жоспарлануда. Әзірлеуші «Нанолек» компаниясының басшысы бұған дейін вакцина ресми түрде айналымға шыққанын хабарлаған. 30 мың дозадан тұратын алғашқы легі осы айдың соңына дейін емханалар мен ауруханаларға жөнелтіледі.
Айта кетейік, Ресейде жатыр мойны обыры 15 пен 44 жас аралығындағы ресейлік әйелдерде анықталу жиілігі бойынша екінші орында тұр. Сонымен қатар 44 жасқа дейінгі әйелдерде обыр ауруларынан болатын өлімнің басты себебі — дәл осы жатыр мойны обыры.
Қазақстанда 11–13 жасар қыздарды егу 2024 жылдың қыркүйегінде басталған. Ал 2026 жылдың мамырынан бастап 14–17 жасар қыздарға да екпе салына бастады.
Шілдеде айтылғандай, қысқа мерзімнің ішінде препараттың бірінші дозасын 32 мыңнан астам жасөспірім алған.


