Ресейде депрессиясы қайталанатын науқастарға көбірек ем-шара тағайындау мүмкіндігі пайда болды: жаңартылған көмек стандартына электропунктура, миды токпен стимуляциялау және қанды лазермен сәулелендіру қосылды. Денсаулық сақтау министрлігінің тиісті бұйрығы жарияланды, алайда ол 3 қазанда ғана күшіне енеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жаңа құжат 2022 жылғы ұқсас бұйрықты алмастырады және рекуррентті депрессиясы бар ересектерге қатысты болады. Бұл — ауру жақсару кезеңдерінен кейін қайта оралатын жағдай.
Ем-шаралар тізіміне өте жоғары жиіліктегі токпен акупунктура, плазмаферез, қанды ультрасүзгілеу, жарық терапиясы және гипоксиялық әсер ету қосылды. Айта кету керек, бұл — мүмкін болатын әдістердің тізімі: нақты адамға қайсысы қажет екенін дәрігер анықтайды.
Науқастарды тексеру тәртібі де өзгереді. Олар гепатит, АИТВ және мерезге тексеріліп, урологқа қаралуға жіберіледі. Сонымен қатар, жаңа стандарт психиатрдың диспансерлік бақылауында болуды көздейді.
Электрлік конвульсиялық терапия да құжатта көрсетілген. Алайда бұл жаңалық емес: ол транскраниальды магниттік стимуляция сияқты бұрынғы стандартта да болған.
Бұған дейін «Курсив» американдық ғалымдар адамдарға депрессиялық күйден шығудың неге соншалықты қиын екенін анықтағанын жазған болатын.
Ал қарсаңында Definium Therapeutics фармацевтикалық компаниясы ЛСД негізіндегі препараттың кезекті сынақтарын аяқтады. Жаңа тез еритін таблетка жайылмалы үрей бұзылысын емдеуде жоғары нәтиже көрсетті.


