Ресей Федерациясының Мемлекеттік думасына сенаторлар тобы соққылар, терактілер мен диверсиялар салдары туралы ақпаратты, сондай-ақ әскери техниканың орналасуы, қару-жарақ пен оқ-дәрі өндірісі мен сақталуы жөніндегі мәліметтерді заңсыз таратқаны үшін бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын енгізу туралы бастама көтерді. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлады.
NUR.KZ-тің РБК-ге сілтеме жасап хабарлауынша, ұсыныс бойынша Ресейдің Қылмыстық кодексі екі бөлімнен тұратын 280.5-баппен толықтырылмақ.
Бірінші бөлім осыған ұқсас әрекет үшін әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін немесе жаңа бап бойынша соттылығы болған жағдайда үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді. Сонымен қатар 100 мыңнан 300 мың рубльге дейінгі мөлшерде не сотталған адамның бір-екі жылдық табысы көлемінде айыппұл, үш жылға дейін мәжбүрлі жұмыс немесе төрт-алты айға қамау қарастырылған.
Екінші бөлім мәліметтерді заңсыз тарату абайсызда өлімге, денсаулыққа немесе мүлікке зиян келуіне, қоғамдық тәртіптің жаппай бұзылуына не инфрақұрылым жұмысына кедергі келтіруіне әкеп соққан жағдайларға қатысты. Мұндай жағдайда ең жоғары жаза бес жылға бас бостандығынан айыру болады; осы бөлім бойынша бас бостандығынан айырудың орнына бес жылға дейін мәжбүрлі жұмыс қарастырылған.
Айта кетейік, егер мұндай деректерді тарату көлік және әлеуметтік инфрақұрылымның, кредиттік ұйымдардың, қорғаныс кешені кәсіпорындарының, энергетика, өнеркәсіп және байланыс салаларының жұмысында бұзушылықтарға әкеп соқса, жаза қатаң болады.


