Киев облысындағы Дымерде ресейлік соққыдан кейін қиранды астында 14 сағат қалған жеті жасар бала тірі құтқарылды. Ал осы шабуылдар салдарынан тоғыз адам қаза тапты деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Шабуыл жексенбі күні таңға қарай болған. Киев облыстық әкімшілігінің басшысы Тимур Ткаченконың айтуынша, құлаған үйіндіден 79 жастағы әйел де тірі шығарылған. Оның сөзінше, Белая Церковь қаласындағы жеке үйге жасалған соққыдан тағы бір адам қаза тауып, ғимарат өртенген.
Украина Президенті Владимир Зеленский де жексенбі күні Киев облысындағы Вышневое қаласына жасалған бөлек соққыдан үш адам қаза тауып, 13 адам жараланғанын айтты. Аталған соққы азық-түлік дүкеніне тиген.
Украина билігі Дымердегі баланың жағдайы тұрақты екенін, оның ауруханаға жеткізілгенін хабарлап, оның өмірін сақтап қалуға атсалысқандардың барлығына алғыс білдірді. Зеленский мен Украинаның ұлттық полициясы да баланың құтқарылғанын растады.
Полиция, жарылғыш заттар жөніндегі мамандар, кинологтар мен дәрігерлерден құралған жедел топтар құтқару жұмыстарын жалғастырып жатыр. Ткаченко Telegram арнасындағы жазбасында үйінді астынан шығарылған 79 жастағы әйел ауруханада ем қабылдап жатқанын мәлімдеді.
Бұған дейін ол шабуыл салдарынан алты адам жараланғанын, ал тағы бірнеше адамның із-түзсіз жоғалып кеткенін айтқан болатын.


