Қысқа үзілістен кейін Украина Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына шабуылдарын қайта бастады. Бұл туралы Ресей билігінің өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Журналист Павел Зарубин өзінің Telegram-арнасында Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаковтың Украина мұнай өңдеу зауыттарына соққы беру мәселесінде «Трампты тыңдамағаны» туралы мәлімдемесін жариялады.
«Иә, тағы да тыңдамады, тіпті оны елемейді деп айтар едім. Трамп бұл мәселеде табанды болды және табандылығын жалғастыруда, бірақ олар тыңдамайды», — деп жауап берді Путиннің көмекшісі.
Ушаков Киевтің мұндай «батыл» әрекетін Еуропаның Украинаны әлі де қолдауымен байланыстырды.
ТАСС агенттігінің жазуынша, Ресей Федерациясының вице-премьері Александр Новак та ресейлік мұнай өңдеу зауыттарына соққылардың қайта басталғанын айтты. Оның сөзінше, бүгін үш мұнай өңдеу зауыты мен бір газ-химия кешеніне шабуыл жасалды.
Естеріңізге сала кетейік, қыркүйекте Трамп Украина көшбасшысынан Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарына шабуылдарды тоқтатуды сұрағаны хабарланған еді. Алайда Зеленский ол кезде одан бас тартқан.
Қазанда АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей мен Украина энергетикалық бітімге келіскенін мәлімдеді.
Алайда кейін Владимир Зеленский Киевке, Киев облысына және Харьковқа энергетикалық нысандар мен аса маңызды инфрақұрылымға 39 баллистикалық зымыран және 120-дан астам соққы беретін дрон мен ұшқышсыз жауынгерлік аппарат қолданылғанын айтты. Оның сөзінше, Ресей «бұрын-соңды АҚШ-қа мұндай айқын құрметсіздік танытпаған».
Ал Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресей мен Украина арасындағы энергетикалық бітім туралы уағдаластықтар «әзірге нақтыланбағанын» мәлімдеді. Кейін БАҚ Украина президенті бір шарт орындалған жағдайда Ресейдің энергетикалық нысандарына соққыларды тоқтата алатынын білді.


