Ресей Федерациясының Алматыдағы Бас консулдығы Наваи Бакировтың (сахналық аты — Navai) қамалуына байланысты Қазақстан Сыртқы істер министрлігіне нота жолдады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ресей дипломатиялық өкілдігінің мәліметінше, нотада Ресей азаматының жағдайы бойынша ресми түсініктеме беру сұралған. «Біз Алматыдағы Қазақстан Республикасы СІМ өкілдігіне ресейлік азаматтың жағдайы туралы ресми түсініктеме сұрап нота жібердік. Бас консулдық ахуалды қадағалап отыр», — деді генконсулдықтың баспасөз қызметі.

Тілші Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сұрау салды. Онда мән-жайды анықтап, кейін ресми түсініктеме беретінін уәде етті.

Еске салайық, кеше Navai жанкүйерлері Астанада жоспарланған концертке бара алмайтыны белгілі болды. Ұйымдастырушылар 14 қазан кешінде өтуі тиіс концерттің тоқтатылғанын хабарлады.

Сол күні Жамбыл облысы полиция департаменті Navai есірткі контрабандасына күдікті ретінде ұсталғанын, қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Алайда рэпердің директоры Рауф Гусанов әртісгің ұсталуына қатысты түсініктеме беруден бас тартты, ал оның анасы жағдайды «қойылым» деп атап, ұлының жақын арада босатылатынына сенім білдірді.

Осы аяда Қырғызстанда тексеру басталды. Шекара қызметі музыканттың есірткімен шекарадан қалай өткенін анықтап жатыр, кінәлілер жазалануы мүмкін.

15 қазанда БАҚ-та рэпер Navai соттың санкциясымен екі айға қамалғаны туралы ақпарат шықты. Оны Жамбыл облысы полиция департаменті растады.