Ресей Сыртқы істер министрінің орынбасары Михаил Галузин Мәскеу Украинамен әскери қақтығысты «тоқтату» нұсқасын қарастырмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
ТАСС-қа берген сұхбатында дипломат бұл ұстанымды Ресей президенті Владимир Путин толық қолдайтынын атап өтті. Галузиннің айтуынша, ресейлік тарап қазіргі жағдайда әскери іс-қимылды тоқтату мүмкіндігін көрмейді.
Әңгіме барысында вице-министр Каспий құбыр консорциумы (КҚК) нысандарына жасалған шабуылдар тақырыбын да қозғады. Ол шілде-тамыз айларында Украина Қарулы күштері ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдаланып, ең алдымен Қазақстан экономикасының мүддесіне қызмет ететін КҚК жұмысын қамтамасыз ететін инфрақұрылымға демонстрациялық террористік шабуылдар жасағанын атап өтті. Галузин әлемдік қоғамдастық, оның ішінде консорциум акционерлері болып табылатын мұнай-газ компаниялары бар АҚШ пен Еуропа елдері бұл әрекеттерге лайықты баға беретініне үміт білдірді.
Еске салайық, КҚК нысандарына соңғы шабуыл 30 шілдеде болды. Консорциумнің баспасөз қызметі сол кезде теңіз терминалының акваториясындағы танкерге соққы жасалғанын хабарлап, оны террористік акт деп бағалады. Соның салдарынан Маршалл аралдары туын көтерген «Niffos Sifnos» кемесі зардап шекті, ол сол кезде қашықтағы бекіту құрылғысында мұнай тиеліп жатқан. Жүк жөнелтуші «Теңізшевройл» ЖШС («Шеврон» компаниясы, Қазақстан) болды.
Кейінірек АҚШ украин тарапын Қазақстан мұнайының әлемдік нарыққа экспорты үшін маңызы зор КҚК ауданындағы кемелерге шабуыл жасаудан бас тартуға көндіргені туралы ақпарат пайда болды.


