Ресейдің Федералдық монополияға қарсы қызметі (ФАС) Apple корпорациясына қатысты іс қозғады. Себеп — компанияның құрылғыларына MAX мессенджері мен RuStore қосымшалар дүкенін орнату мүмкін еместігі, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«Известия» газетінің дерегінше, ФАС Apple-ға қатысты тергеуді бастады, өйткені iPhone мен iPad-ге аталған қосымшалар орнатылмайды. Бұған дейін қызмет компаниядан ресейлік іздеу жүйелеріне қатысты кемсітушілік жағдайларды жоюды және iOS жүйесіндегі құрылғыларға бағдарламалық жасақтаманы алдын ала орнату талаптарын орындауды сұраған.

Ескертуге негіз болған — Apple құрылғыларында әдепкі бойынша шетелдік іздеу жүйесі орнатылған, бұл Ресей заңнамасына қайшы келеді. Жергілікті заңдар бойынша, Ресейде сатылатын техника ресейлік іздеу жүйесін немесе ЕАЭО елдерінің ұқсас қызметін қолдауы тиіс.

Ведомство мәлімдегендей: «Компания ФАС-тың iOS операциялық жүйесіндегі құрылғыларға ұлттық мессенджер мен отандық қосымшалар дүкенін алдын ала орнату жөніндегі ескертуін орындамады».