Ресейдің Мемлекеттік Думасы мобилизация кезеңінде және ерекше кезеңдерде Қорғаныс министрлігімен келісімшарт жасасуға рұқсат етілетін, соттылығы алынбаған немесе өтелмеген азаматтар санатының тізімін кеңейтті, деп хабарлайды NUR.KZ РБК-ға сілтеме жасап.

Құжатты Ресей үкіметі 17 шілдеде енгізген еді, ал кеше Мемлекеттік Дума мобилизация кезеңінде Ресей Қарулы Күштерімен соттылығы алынбаған немесе өтелмеген азаматтарға келісімшарт жасасу мүмкіндігін кеңейтетін заң жобасын қабылдады.

Кеңейтілген тізімге Қылмыстық кодекстің мына баптары енді: қолма-қол ақшаны, есірткі құралдарын, патогенді биологиялық агенттерді, қаруды, ядролық материалдарды немесе жарылғыш заттарды контрабандалау; бандитизм және қылмыстық қоғамдастық ұйымдастыру; күзетілетін объектілерге заңсыз кіру; отын-энергетика кешені объектілерінің қауіпсіздігін бұзу және ядролық материалдармен заңсыз айналысу; мемлекеттік құпияны қамтитын құжаттарды жоғалту; заңсыз көші-қонды ұйымдастыру; ядролық материалдарды ұрлау.

Ресей Қорғаныс министрлігі құжатта соттылығы бар адамдар үшін қатаң бақылау және арнайы бөлімшелер құру көзделгенін атап өтті.