Қазақстанға Ресей Федерациясынан есірткі өндіріп, таратқан ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оған басшылық етті деп күдікке ілінген Қазақстан азаматы экстрадицияланды. Бұл туралы республиканың Бас прокуратурасы хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.

Қадағалау органының дерегінше, ер адам психотроптық заттарды заңсыз өндіріп, таратқан қылмыстық қауымдастықты ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында қазақстандық тарапқа берілген.

«Күдікті Алматыда және Қазақстанның басқа да өңірлерінде мефедрон өндіріп, сатқан ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оған басшылық етті. 2021 жылдан бастап ол ақшаға мұқтаж адамдарды қылмыстық әрекетке тартты. Топ мүшелері психотроптық заттарды дайындау, тасымалдау, қаптау және тарату бойынша түрлі міндеттерді атқарды, ал олардың әрекеттері Telegram мессенджері арқылы қашықтан үйлестіріліп отырды», — делінген Бас прокуратураның хабарламасында.

Ведомствоның тұжырымынша, 2024 жылы ұйымдастырушының нұсқауымен Алматыда бірнеше есірткі зертханасы жабдықталған. Солардың бірінде психотроптық заттарды дайындау барысында екі қатысушы ауыр химиялық улану алып, қаза тапқан.

«Осыған қарамастан, қылмыстық әрекет жаңа орындаушыларды тарту арқылы жалғастырылды», — деп атап өтті прокурорлар.

2024 жылғы 19 қыркүйекте зертханалардың бірінің қызметін полиция қызметкерлері тоқтатты. Тінту барысында 24 келіден астам химиялық зат, жабдық, қорғаныс құралдары және дайын өнім тәркіленді.

2025 жылғы шілдеде күдікті Ресей Федерациясының аумағында ұсталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды. Қазіргі таңда ол тергеу изоляторына қамалды.

Тағылған қылмыстар үшін мүлкі тәркіленіп, 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.