Ресейлік фармацевтикалық компаниялар Еуразиялық экономикалық одақ нарықтарына, әсіресе Қазақстан мен Беларуське өз өнімдерін шығаруда реттеушілік кедергілердің көбейгенін мәлімдеді. Бұл туралы «Коммерсантъ» жазып, infohub.kz сайты хабарлады.
«Герофарм» компаниясының бас директоры Пётр Родионовтың айтуынша, регламентте көзделген өзара мойындау рәсімінің орнына өндірушілер қосымша сұраныстар алып отыр. Осының салдарынан дәрілерді тіркеу шамамен бір жылға созылуы мүмкін.
«Қазақстан мен Беларусь бізге регламенттен тыс сұраныстар жаудырып, бұрын-соңды ешкім сұрамаған нәрселерді сұрайды. Біз алыс шетелде тіркеуден өтеміз — онда ешкім мұндай сұрақтар қоймайды», — деп келтіреді оның сөзін басылым.
Ресейлік бейінді ведомстволардың өкілдері де Қазақстанмен өзара іс-қимылда қиындықтар бар екенін мойындады. Ресей Федерациясы Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Сергей Глаголев басылымға ресейлік тарап бұл мәселелерді қазақстандық әріптестерімен екіжақты кездесулерде тұрақты түрде талқылап отыратынын айтты. Оның сөзінше, проблемалар дәрілерді тіркеу кезінде ғана емес, олардың бағасын белгілеу және мемлекеттік сатып алу аясында лоттарды біріктіру кезінде де туындайды.
Өз кезегінде Ресей Федерациясы Өнеркәсіп және сауда министрлігі басшысының орынбасары Екатерина Приезжева ЕАЭО-дан тыс кейбір елдер әлдеқайда икемділік танытатынын атап өтті. Атап айтқанда, ол Вьетнам мен Кубаны мысалға келтірді.
Бұған дейін «Курсив» «Мунжаро» және «Вегови» препараттары Қазақстанда жеделдетілген сараптамадан өтіп жатқанын жазған болатын. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі фармацевтикалық нарыққа арналған цифрлық «бірыңғай терезенің» жұмысын қорытындылай отырып хабарлады. Сол кезде тамыз айының басында дәрілерді жеделдетілген сараптау аясында 63 шарт жасалғаны атап өтілген еді.


