Қайықпен өтіп бара жатқан пана іздеушілерді құтқарғаны үшін оңшыл радикалдардың шабуылына ұшыраған RNLI қайырымдылық ұйымы қауіпсіздік шараларын күшейтті. Ұйым басшылығы еріктілерге қауіп төнген жағдайда RNLI логотипі бар киімді кимеуге кеңес берді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Сонымен қатар еріктілерге қауіп сезінген жағдайда дүкендерді немесе қайық станцияларын жабуға құқылы екендіктері айтылды. Соңғы бірнеше күнде Англияның оңтүстік жағалауындағы RNLI базаларының айналасында қауіпсіздік күшейтіліп, кейбір аумақтарды полиция мен жеке күзетшілер бақылауға алды.

Ұйымның Пуолдағы штаб-пәтерінде өз өмірін қиған RNLI еріктілеріне арналған мемориалдық мүсін мен қайырымдылық ұйымының 200 жылдығына орай отырғызылған раушан гүлзарының айналасына қоршаулар орнатылды. Штаб-пәтерге қарайтын бақылау алаңы жабылды.

RNLI жексенбі күні пана іздеушілерді тасымалдаған қайық Портсмутқа әкелінген құтқару операциясына қатысқанынан кейін оңшыл радикалдардың шабуылына қарамастан, Ла-Манш бұғазында пана іздеушілерді құтқаруды жалғастыруға уәде берді.

Алайда жексенбідегі наразылықтан кейін RNLI бас директоры еріктілерге электрондық хат жолдап, қауіпсіздік тәртібі қайта қаралып жатқанын мәлімдеді. Еріктілерге RNLI киімін кимеуді ойластыруға кеңес берумен қатар, қайық станцияларының жанында жүрген адамдардың жеке куәлігі болмаса, олардан сұрау талап етілді. Сондай-ақ өздерін жайсыз сезінсе, жұртшылықпен сөйлеспеуге кеңес берілді.

Жексенбіде пана іздеушілер түскен жерге жақын орналасқан Портсмут қайық станциясының қызметкерлеріне жұртшылық келіп, RNLI әрекеттерін түсіндіруді сұраған. RNLI қызметкерлері интернетте және тікелей қорлыққа ұшырағанын, сондай-ақ қайырымдылық ұйымы пана іздеушілерді орналастырды немесе жағаға шығарған соң жасырын жерлерге көшірді деген «негізсіз» қауесеттер тарағанын мәлімдеді.

RNLI еріктілері мен қызметкерлерін және ғимараттарын қорғауға үш полиция бөлімшесі жұмылдырылды. Дорсет полициясы штаб-пәтердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жатса, Хэмпшир қызметкерлері Портсмуттағы RNLI станцияларын аралап жүр. Сассекс полициясы да «RNLI еріктілеріне қатысты қорлайтын және қорқытатын пікірлерді» тергеп жатыр.

Жексенбідегі операцияға қатысқан кейбір RNLI экипаж мүшелерінің суреттері әлеуметтік желілерде жарияланып, оларды Ұлыбританияға «басып кіруге» қатысы бар деп айыпталды.

Сәрсенбі күні Пуолдағы RNLI штаб-пәтерінің сыртында «Пуол патриоттары» мен «Хэмпшир қарсылығы» мүшелерін қоса алғанда, шамамен 50 наразылық білдіруші жиналды. Наразылық жетекшілері әйелдерге RNLI әкелген еркектерден қауіп төнеді деп зорлау дабылдарын таратты және халықты қайырымдылық ұйымына қайырмалдық беруді тоқтатуға шақырды.