Қарағанды облысында Қазақстанда алғаш рет жасанды интеллект элементтері бар робот-ит қызметке кірісті, деп хабарлайды infohub.kz.
17–18 шілдеде Балқаш пен Теміртауда металлургтер күніне арналған мерекелік шаралар өтті. Полиция мәліметінше, оған 115 мыңнан астам адам қатысты. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін мыңнан астам қызметкер жұмылдырылды, ал басты технологиялық жаңалық – Ішкі істер министрлігінің ақпараттық базаларымен интеграцияланған робот-ит болды.
Жасанды интеллект жүйесінің арқасында құрылғы полиция көріп тұрған адамдардың бет-әлпетін нақты уақыт режимінде таниды. Алғашқы кезекшілік кезінде-ақ технология төрт адамды анықтауға көмектесті: алимент төлеуден жалтарған азамат, екі мемлекеттік борышкер және бұрын сотталған, үйден тыс жүруге сот белгілеген шектеуді бұзған ер адам. Олардың барлығына заңда көзделген шаралар қолданылды.
Жаппай шаралар кезінде полицейлер балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлді. Көп мыңдаған қалың жұрттың арасынан қызметкерлер 3 пен 17 жас аралығындағы 87 жоғалған баланы тапты. Олардың барлығы ата-аналарына жедел қайтарылды.


