Rockstar Games компаниясы бейтаныс адамдар дрон арқылы қызметкерлерді жұмыс барысында түсіре бастағаннан кейін кеңсе терезелеріне қорғаныш үлбір орнатты. Бұл мәліметтер Глазгодағы еңбек трибуналының құжаттарынан белгілі болды. Қазір онда студияның 31 қызметкерін жұмыстан шығару ісі қаралып жатыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Құжаттарда компания ойынға қатысты қауіпсіздік ережелерін егжей-тегжейлі баяндаған. Келушілер аумаққа құпиялылық туралы келісімге қол қойғаннан кейін ғана жіберіледі, қашықтан жұмыс істеу шектелген, ал флешка мен басқа да сыртқы жинақтаушыларды пайдалануға тыйым салынған. Сондай-ақ қызметкерлерге жұмыс орнын суретке түсіруге немесе жеке құрылғыларды студия жүйелеріне қосуға болмайды.
Rockstar мұндай шараларды GTA 6 туралы ақпарат алуға тынымсыз жасалған әрекеттермен түсіндіреді. Компанияның айтуынша, қызметкерлер фишинг пен хакерлердің басқа да айла-тәсілдеріне тап болады, ал ойын жанкүйерлері кеңселерді бақылап, тіпті жанама белгілер арқылы жаңа материалдардың шығу күнін болжауға тырысады.
Студия 2022 жылы болған бұзушылық туралы да айтып берді. Сол кезде қаскөй бір қызметкердің компьютеріне қол жеткізіп, GTA 6-ның аяқталмаған материалдары бар ондаған бейнені ұрлап кеткен.
Қазіргі таңда Rockstar қызметкерлерді жұмыстан шығарғаны үшін Independent Workers of Great Britain кәсіподағымен де соттасып жатыр. Кәсіподақ жұмысшыларды кәсіподақ қызметі үшін жұмыстан шығарды деп мәлімдесе, компания ойын әзірлеуге қатысты құпия ақпараттың ағып кетуі себеп болды деп талаптанып отыр.
Бұған дейін Kursiv LifeStyle GTA 6-ның жасаушылары миллиардтаған доллар шығынға ұшырағаны үшін ақпаратты ағызғандарды іздеуге кірісті деп жазған болатын.


