Ресейдің Иркутск облысында Сібір мен Қиыр Шығыстың обаға қарсы институты қызметкерінің ресми диагнозы жарияланды. Бұған дейін БАҚ оның қайтыс болғанын хабарлаған еді. Роспотребнадзордың мәлімдеуінше, қызметкер пневмониядан көз жұмған, деп жазады infohub.kz сайты.
ТАСС ведомствоның түсініктемесіне сілтеме жасай отырып, марқұмда этиологиясы анықталмаған пневмония анықталғанын хабарлады. Роспотребнадзордың нақтылауынша, науқастан алынған материалды кеңейтілген зерттеу нәтижелері оның кәсіби қызметіне қатысты микроорганизмдердің бар екенін көрсеткен жоқ.
РИА Новостидің хабарлауынша, ведомство институт қызметкерімен байланыста болған адамдардың ешқайсысында инфекцияға байланысты жағдай өзгерісі анықталмағанын да атап өтті.
«Байланыста болғандардың ешқайсысында инфекциялық патологияға байланысты денсаулық жағдайының өзгерісі анықталған жоқ», — делінген хабарламада.
Сонымен қатар институтта патогенді микроорганизмдермен жұмыс істеу кезінде апаттар тіркелмегені атап өтілді. Тексеру марқұммен байланыста болған институт қызметкерлерінде де патология таппады.
«COVID-19-дың екі жағдайы және риновирустық инфекцияның екі жағдайы анықталды, басқа инфекциялық аурулардың қоздырғыштары табылған жоқ», — деп хабарлады Роспотребнадзор.
Еске салайық, бұған дейін БАҚ Ресейдің Иркутск облысында 27 жастағы қыз обаға күдікпен қайтыс болғанын хабарлаған еді.


