Ресейдің Иркутск облысында обаға қарсы институт қызметкерінің қайтыс болуы туралы ақпарат әлеуметтік желілерде кең резонанс тудырды. Оба індетінің өршуі және карантин енгізілуі мүмкін деген қауесетке Роспотребнадзор түсініктеме беруге мәжбүр болды. Ведомство өңір тұрғындарына оба қауіп төндірмейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қарсаңында «Люди Байкала» басылымы институттың 28 жастағы қызметкері Дарья Шипилова 2 қазанға қараған түні Шелехов ауруханасында көз жұмғанын хабарлаған. Басылым журналист Павел Степановтың және Mash Telegram-арнасының нұсқасын келтірді: 25 қыркүйекте әйел зертханада оба қоздырғышы салынған пробирканы сындырған болуы мүмкін. Алайда бұл нұсқа ресми растауға ие болмады.

4 қазанда «Люди Байкала» Иркутскінің №1, №3 және №10 қалалық клиникалық ауруханаларында, Ивано-Матренин балалар ауруханасында және кемінде бір перзентханада үш апталық карантин енгізілгенін хабарлады. Журналистердің дерегінше, науқастарға кіруге тыйым салынған, бірақ заттар мен азық-түлік жіберуге рұқсат етілген.

Басылымның дереккөздері шектеулерді обаға күдікпен байланыстырады. Алайда олардың айтуынша, ауруханаларға келіп түсетін құжаттарда мұндай диагноз көрсетілмеген. Журналистер барлық медициналық мекемелердегі карантинді растай алмады.

Интерфакс агенттігінің дерегінше, 4 қазанда ведомство әйелге себебі анықталмаған пневмония диагнозы қойылғанын хабарлады. Кеңейтілген зерттеулер оның биоматериалынан кәсіби қызметіне қатысты микроорганизмдерді анықтаған жоқ.

«Иркутск облысында, Иркутск және Шелехов қалаларында санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты», — деді Роспотребнадзордың баспасөз қызметі.

Соңғы он күнде басқа қызметкерлер арасында жұқпалы ауруларға қатысты өтініш тіркелген жоқ.

Науқаспен байланыста болғандар стационарда медициналық бақылауға алынды. Олардың арасынан COVID-19-дың екі жағдайы және риновирустық инфекцияның екі жағдайы анықталды. Басқа жұқпалы аурулардың қоздырғыштары табылған жоқ, деп жазады «Ведомости» Роспотребнадзорға сілтеме жасап.

Бұған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Гебрейесус Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының отырысы аясында өткен баспасөз конференциясында жаңа пандемия сөзсіз болатынын, бұл тек уақыт мәселесі екенін мәлімдеді.