Қостанай облысында мас күйде жол-көлік оқиғасын жасаған жүргізуші сот алдында жауап берді. Ер адам қамауға алынып, көлік жүргізу құқығынан айырылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қостанай облысы соттарының ресми Telegram-арнасында жазылғандай, Рудный қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты жүргізушіге қатысты істі қарады. Ол мас күйде көлік басқарып, мүлікке залал келтірген жол-көлік оқиғасын жасаған (Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 3-бөлігі).
Іс материалдарына сәйкес, 2026 жылдың қыркүйегінде ер адам мас күйде көлік басқарып, Рудныйдағы Франко көшесімен келе жатып, қала әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне тиесілі металл жарық бағанасына соғылған. Соның салдарынан материалдық залал келтірілген.
Медициналық куәландыру қорытындысы бойынша, құқық бұзушылық жасалған сәтте жүргізуші орташа дәрежедегі мас күйде болған.
Сот отырысында ер адам әкімшілік құқық бұзушылық жасағанын толық мойындады.
Әкімшілік жаза шарасын белгілеу кезінде сот жасалған құқық бұзушылықтың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, кінәлінің жеке басын, сондай-ақ іс бойынша барлық мән-жайларды ескерді. Сот қаулысымен жүргізуші кінәлі деп танылып, оған 20 тәулік қамау түріндегі әкімшілік жаза және 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айыру тағайындалды.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.


